Өлеңдер ✍️

Ем берген жер
Балалық көрместен ауырған кезінде,
Шалалық болмастан тұншыққан сезім де.
Шырылдап сорлы анам құшаққа қысып ап,
Ем іздеп жүгірген Украина елінде.
Жерінен ем алған сол бала мен едім,
Мекенін киелі ордаға теңедім.
Анамның қайғысы шаттықпен алмасып,
Дәл бүгін халықтың алдында кең едім.
Ем берген жер қазір ауыртты жанымды,
Үреймен атырып отыр әр таңымды.
Себепсіз оқ атып, ракета лақтырып,
Бейсауат қарекет қайнатты қанымды.
Украина - зайырлы мемлекет емес пе?
Өз халқын талай рет шығарған белеске.
Тып-тыныш тұрған ел мазасын алу да,
Әлемге жасалған қастандық емес пе?...
Мен үшін қымбат боп тұрады ауасы,
Ауырған жанымның болардай дауасы.
Құскенов Самратқа ем берген мемлекет
Украина - демократияның рауаны!
Украина мәңгілік жасайтын ел болар,
Ерліктің символы деп айтар жер болар.
Бір елдің киесін қашырмақ болғандар
Бар әлем алдында бейшара, кем болар.
Тас-талқан, сиқынан айрылып шаһарың,
Украина көрдің-ау, ақпанның қаһарын.
Қара бұлт артынан талай күн шығады,
Жаныма қайтадан ем берер баһарың...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇