Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  1489


Автор: Самрат Құскенов

Әйелдерді мойындау

 



Әйелдер мықты, мойында,
Жұмбақ сыр жатқан ойында,
Құрсағы ұрпақ таратқан,
Құт қонып тұла бойында.



Еркектің бәрі жағынған,
Көрмесе бір сәт, сағынған.
Патшаға қарсы шықса да,
Әйелге ғана бағынған.



Әйелдер сұлу, ажарлы,
Әкеле білген баһарды.
Ашуландырсаң болғаны,
Қыс кетпей қояр қаһарлы.



Теңгеге қосса тиынды,
Ызыңдап шағар миыңды.
Алатау қылып көрсетер,
Ниетпен берген сыйыңды.



Жасаған алтын ғасырды,
Сұлулық әні жазылды.
Жаралып меруерт тастардан,
Тәрбиелей білген асылды.



Кіргізген үйдің киесін,
Ағытқан ойдың тиегін.
Бір Алла төккен рақым деп,
Әйелге басты иемін!



Айрылмай тұрып қақымнан,
Шапағат алдым жақыннан.
Әйелді сырттай зерттеген
Жыр тыңда, бойдақ ақыннан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу