Өлеңдер ✍️

Ұлтымның құндылығы
Білімнің нәрін керек етпесеңдер,
Діліңнің құрбаны боп кетпесеңдер.
Тіліңнің жойылғаны деп білемін,
Піріңнің бағасына жетпесеңдер.
Жарықтың бұл жалғанда керегі не?
Алыптың үңілмесек дерегіне.
Дарынның пайдасы жоқ азаматқа
Халықтың жарамаса керегіне.
Тәрбиелеу үшін бүкіл тайырыңды,
Әлдилеу керек әрбір шайырыңды.
Ғабиттің дара жолын сараласақ,
Тарихың бола түсер қайырымды.
Аралап Қазақстанның қалаларын,
Алалап көрген жоқпын шалаларын.
Сафуан жазып кеткен әңгімелер,
Қазақтың жөнге салар балаларын.
Балалар жылы десек, е, келешек,
Атаға ұят қой, құтқа теңемесек.
Арсыздар шежіресі жалғасады,
Жырларын Кәкімбектің елемесек.
Ғұрпыңның ескермесең ережесін,
Жұртыңның тең қылмайсың терезесін.
Ұлтыңның құндылығы деп түсінем,
Ұлының дүниедегі берекесін.
Қалайша жақсыларға ере алмаймын,
Даналар айтқан сөзді тере алмаймын.
Анамды жер қойнына тапсырсам да,
Санамды улауға жол бере алмаймын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇