Өлеңдер ✍️

Кінәм болмаса да кешірім сұраймын
Оразаға 10/15 күн қаларда кешірім сұраған адамға үлкен сауап жазылады дейді ғой. Барлығыңыздан тіземді бүгіп кешірім сұраймын. Көңілдеріңізді қалдырсам, айыпқа бұйырмаңыздар. Алдыларыңызға 2017 жылы жазылған өлеңімді ұсынам
Кінәм болмаса да кешірім сұраймын
Аяғыңа жығылам, беделден айрылып,
Тәккапар адамның көңілін мәз қылып.
Адам боп туған соң бірінші бас иіп,
Кешірім сұраймын кетер деп жан жылып.
Мен ет пен сүйектен жаралған кісімін,
Кісілік алдында қашан да кішімін.
Кемшілік болмайтын, періште емеспін
Қатемді түсініп, түзеткен кісімін.
Ренішің қатыгез қадамға жетпесін,
Байланыс үзіліп бейтаныс етпесін.
Кінәм болмаса да, кешірім сұраймын.
Достықты бағала, араңдап кетпесін.
"Кешіріп көр үш рет, содан соң кешірме"
Деп көбі бөсіп жүр, өзінше лепірген
Құдайдан артық боп тудың ба? Есірме!
Бір Алла өзіңді сансыз рет кешірген.
Байқамай сөз айтып, ренжіткен шығармын,
Бұндайда қалайша үндемей шыдаймын?!
Кінәлі деп тұрсаң, кешірім сұраймын,
Тәрбиемен шыңдалған сыңбайтын шынармын.
Дәреже төмендеп қашпайтын киесі,
Кешірім сұраған қор боп бас иеді.
Бәрібір абырой айрандай төгілсін,
Бастысы, Алланың сауабы тиеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇