Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.06.2025
35

Ардагерлер кеңесі
Құлпырды даламыз да, қаламыз да,
Жазылды жүректегі жарамыз да.
Тәтті күн келіп жетті, әттең, бірақ,
Қалмады ардагерлер арамызда.
Ұрпақтың Алла берді бақ басына,
Гүл еккен бейбітшілік бақшасына.
Атасын іздейтіндер үңіліп жүр
Ерлердің мемориалды тақтасына.
Бұнымен бағындырмас белесін де,
Есімдер қалса ұлттың елесінде.
Батырлар ескерткіш боп тұрмаса да,
Қалуға міндетті ғой ел есінде.
Мәңгілік алау болды ұранымыз,
Аруаққа арналады Құранымыз.
Алайда Сталин мен Берияға
Неліктен табынып жүр ұланымыз.
Мінгізсек ұлтты құттың кемесіне,
Халқымыз шығар бақтың белесіне.
Аңсаса жастар Кеңес Үкіметін
Сын болар Ардагерлер кеңесіне.
Жарыған ұлмын елдің батасына,
Зар болып жүрген жоқпын жат асына.
Қазақтың ұлылығы мәңгі жасар
Тағзым етсе әр кім өз атасына...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇