Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  69


Автор: Самрат Құскенов

Жүрек сені сүйген соң

 



Шабыт сені биіктікке теңесін,
Айтқаныма сенбейсің... я, сенесің?
Шыңға шығу түгел, көше кезуге,
Маған қажет кеңесің!



Менің бағым - сенің нұрға толуың,
Менің сорым - сенің гүлдей солуың.
Менің Арлан болуыма себепкер,
Сенің Қаншық болуың!



Тар болмаспын, пейіліңмен кең болсаң,
Кем болмаспын, айналаңмен тең болсаң.
Сарша болып қияға ұя салар ем,
Ұябасарым сен болсаң!



Жынды едім, қағып алдың жынымды,
Шыншыл едім, айтқызбадың сынымды.
Өзгермеймін деген ерді өзгерттің,
Айтар болсам шынымды!



Білем, саған керек емес сүйгенім,
Ғашықтықтың алауына күйгенім.
"Сай емес!" деп төмендетпе өзіңді,
Бәрі бірдей түйгенім!



Сөзің өтпес, әбден жанып күйген соң,
Сезім өлмес көңіліме тиген соң.
Өзге түгел, өз иесіне бағынбас,
Жүрек сені сүйген соң!



Қарғам, саған ая демеймін өзімді,
Итжандымын бәріне де төзімді.
Ұнамаса қарағаным қасқайып,
Ойып таста көзімді!



Өмірден ұят бақытты боп өлмесем,
Саяқ жүріп жалғыздықпен өрлесем.
Екі көздің керегі жоқ өзіме,
Ақ жүзіңді көрмесем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу