Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  53


Автор: Самрат Құскенов

Өмірімнің ашып жаңа парағын

 



Ең басына сені жаздым, Қарағым,
Өмірімнің ашып жаңа парағын.
Шарапатын көрер едік сезімнің,
Махаббаттың көре алсақ, қара-ағын.



Бірақ та, мен махаббаттан қашамын,
Қашып жүріп, көңіл сырын ашамын.
Жырақтасаң, қабағым тас түйіліп,
Жақындасаң жүрек нұрын шашамын.



Сені ойлап жүріп, ғұмыр кешем мен,
Сен туралы айтсам, асам шешеннен.
Қай енеңнің топырағы жаратып,
Дарақылық келген шығар шешемнен.



Аңғарғаным, ақын боп ой түйгенім,
Жар салғаным сені құлай сүйгенім.
Саған деген адалдықты көрсетер
Махаббаттың жалынына күйгенім,



Енді, қарғам ақыныңның сөзін біл,
Сөйлегенін қаламасаң, көзін біл.
Жан - халықтың құрбан болар бір демі,
Тән - сенікі, не қылсаң да өзің біл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу