Өлеңдер ✍️

Референдум
Мемлекетім жаңара ма?!
Сыбайластық ескіре ме?!
Құлпырғанда қала, дала,
Көкелерге ес кіре ме?!
Нұрланғандар қурағандай,
Арқалап жүр аманатын.
Ел деп сонда шулағандай,
Қорғаштап жүр жаман атын.
Президентін даттағандар -
Өз Отанын қорлағандар.
Тақтағыны мақтағандар -
Тірлік үшін сорлағандар.
Референдум - жаңалық па?
Өзгертетін маңайымды.
Ер сүйенсе даналыққа,
Таң қалдырар талайыңды.
Қазақстаным өзгереді,
Парақорлық тиылғанда.
Тамсандырып өзгелерді,
Ұлтжандылар жиылғанда.
Иттей болып жалтақтаған,
Жағымпаздық жойылғанда.
Ел боп ерін ардақтаған,
Ұрлық, зорлық қойылғанда.
Таптап, даттап заңымызды,
Қолдан Құдай жасамасақ.
Сақтаймыз деп жанымызды
Байға құл боп қарамасақ.
Жұлдыздардың оттағаны
Айналмаса жырымызға.
Жемқорлықтың тоқтағаны
Жеткізгенде шыңымызға.
Психологтар шешенсініп,
Сандырақтап көсілмесе.
Өз тарихын терең біліп,
Бір ұл үнін өшірмесе.
Бір патшаның кесірінен,
Бір ру зардап шекпегенде.
Шабыт сыймай Есіліне,
Шын сөйлеуге беттегенде.
Бір отбасы ұран салып,
Көк экранды басқармаса.
Ел қолына Құран алып,
Бар білгенін жасқа арнаса.
Ғаламторда құнсыз болмай,
Жастар кітап оқығанда.
Шеттерінен жұлдыз болмай,
Миға білім тоқығанда.
Айналмасақ Мазақстанға,
Жауып мен де ауызымды.
Жаңаратын Қазақстанға
берер едім дауысымды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter