Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  71


Автор: Самрат Құскенов

Мен туған күн

 



Жылына бір келетін сағындырып,
Жырыма бар әлемді бағындырып.
Мейрам боп көрінгенмен айналама,
Мен туған күн бақытқа айнала ма?..



Жоқ, әлде қайғы болып қалады ма?..
Назарын Құдай бізге салады ма?..
Әр сәтім өткен сайын ағын болып,
Өткенім қол бұлғайды сағым болып.



Арманның сезбесем де тыс қалғанын,
Жалғанның байқап келем қысқарғанын.
Мен туған күн - қазақтың мерекесі,
Мен туған күн - ұрпақтың берекесі.



Иә, солай өзіме еш қатысы жоқ,
Қалайша Күн шығыстың батысы жоқ.
Әр жасым туады да айым болып,
Қалады кетерінде уайым болып.



Өйткені, мен қимаймын жастығымды,
Тыңдаймын Тағдыр деген бастығымды.
Сындардан өтем, түріп білегімді,
Шыңдарға жеткізу үшін тілегімді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу