Өлеңдер ✍️

  19.06.2025
  27


Автор: Самрат Құскенов

Атқа міну

Атқа міну - серіліктің айғағы,
Өлең-жырдың желбіреген байрағы.
Сол серілік болар еді мың бақыт,
Бұзылмаса ауылыңның қаймағы.



Атқа мінбеу ерсі болып көрінер,
Азаматтың қабырғасы сөгілер.
Жастық шақпен қоштасқанда бір күні,
Тізгін ұстай алмаған да өкінер...



Атқа мініп шабу ерге сән емес,
Бұл жалғанда бағынбаса сан белес.
Жұпар иісі аңқымаса ауылдың
Шын тұлпар да жас ақынға бақ емес.



Біздің қазақ осы нені көрмеген,
Шежіресі жылдан жылға өрлеген.
Ат үстінде жүрген ұлға сын болар,
Ел басына күн туғанда өлмеген.



Ат - жігіттің өмірдегі бақыты,
Зырылдаса өзінің жүйрік уақыты.
Бір үй ғана қалған туған жерімде,
Бұйырды-ау атқа міну жақұты.



Төрт мезгіл де зымырайды алмаса,
Қасірет қой басқа сынақ салмаса.
Азаматқа жүру қайғы салт атпен,
Өз елінде ат байлар үй қалмаса...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу