Өлеңдер ✍️

Түркістан
Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.
Мағжан Жұмабаев
Түркістан - иман нұрын төккен қала,
Түркістан - текті ұрпақ өскен қала.
Ежелден түркі тілдес халықтардың
салттарын сақтағандар өткен қала.
Тұраны бола білген Алашымның,
Құраны болып жүрген баласының.
Ұланы қастерлейді Қазақстанның,
Ұраны болғандықтан дара шыңның.
Елемей имансыздың келекесін,
Кеңейткен руханияттың керегесін.
Көрдім ғой Ақсақ Темір салып кеткен
Қожа Ахмет Ясауидің кесенесін.
Тарихты түгендеуге шамам жетпес,
Өз тегін білген елін жаман етпес.
Жерленген Қаз дауысты Қазыбек би,
Киелі Түркістанға шаһар жетпес.
Қопарсаң, сырға толы сандықтарды,
Несібең қай уақытта артық қалды?
Хақназар, Есім, Тәуке хандар жатыр,
Іздесең әр кездегі хандықтарды.
Ананың құт болғанда жатырында,
Атаның бақ болады шатырында.
Тыныштық тауып, мәңгі мекендеген
Қанжығалы қарт Бөгенбай батырым да.
Қасиет жатқандықтан жерімізде,
Төгілген сақтау үшін теріміз де.
Құлеке сардардың да бейіті бар,
Тағзым ет, елім деген ерімізге.
Ел едік жетпеген ер қадіріне,
Дүниенің мойынсұнып әміріне.
Рухына арнап Құран бағыштап кет,
Әлқожа батырыңның қабіріне.
Ой қуып өспесем де тау бағында,
(Алланы еске алар он саусағым да.)
Ақ үйін мақтан тұтқан Абылай да,
Жерленген осы жердің аумағында.
Бойында Ұлы Жібек жолы болған,
Тарихы қасиетке толы болған.
Орта Азия, Дешті Қыпшақ аралығын
Қамтыған қазынаның қоры болған.
Төрінен орын алса абызымыз,
Төсінде орындалсын парызымыз.
Зерттеген археологтар дәлелдеді,
Тереңде жатыр айтар аңызымыз.
Өткенін мәрмәр тасқа қашағандар,
Ертеңін құт-ырысқа балағандар.
Тұранмен сабақтасып тұрған екен,
Андронов мәдениетін жасағандар.
Әр адам өз тарихын шолу керек,
Оқудың шуағына толу керек.
Алаштың астанасы болған қала
Рухани орталығың болу керек.
Қазаққа Қазақстандай жер болмайды,
Ешбір кент Түркістанмен тең болмайды.
Рухани құндылықтар орталығын
Көріп қайт, Меккеден еш кем болмайды.
Құдайым тар қылмасын пейілімді,
Өлеңмен тербеткен көк Есілімді.
Мәңгілік жиырма жасар Бекзаттай боп,
Түркістан әрқашанда мейірімді.
Тегінен бір құдірет жаралып тұр,
Жерінен келген мейман нәр алып тұр.
Сыр шерткен ескі қала кешегіден,
Бүгінде жаңа облыс саналып тұр.
Жасарған замананың талабымен,
Жаңарған таң қалдырар ғажабымен.
Жыр тыңдап бес-алтыншы ғасырлардан
Жылдар да өткен талай азабымен.
Түркістан абаттанып, гүлденеді,
Құлпырып, жылдан жылға түрленеді.
Сай өмір сүріп жаңа Қазақстанға,
Бай өңір таңғажайып күйге енеді.
Кіргізген мемлекеттің ажарын да,
Түркістан бар әлемнің назарында.
Барып қайт, бір киелі күш бар дейді,
Арыстан бабтың жатқан мазарында.
Ойлар да тыныш жатпай мазаласын,
Бұл ғұмыр ойсыздарды жазаласын.
Құдықтың басында су ішкізген сәт
Тәніңді боқ дүниеден тазаласын.
Ханның да өзі келіп бас иетін,
Түсініп ақиқаттың хас иесін.
Суымен шомылдырып Гаухар анаң,
Ананың танытады қасиетін.
Жасанды көл тербетіп ойымызды,
Бір тылсым күш билейді бойымызды.
Жаңарған Түркістанның белгісі боп,
Заманға сай танытқан сойымызды.
Адамның алған кезде сезім есін,
Сындарға албырттықпен кезігесің.
Мың бес жүз жиырма екі жыл жазып жатыр
Түркістан өзінің бір шежіресін.
Шежіре әлі талай жалғасады,
Толқындар толқындармен алмасады.
Мағжанның жерлесі, бір өлеңіне
Аналогия жасаймын деп жармасады...
P. S: Бақ, кие текті ұлдан кете алмайды,
(Тексіздер құтты ырыс ете алмайды.)
Еліктеп, ұқсағысы келгенімен,
Ешкім де һәм Мағжанға жете алмайды.....
..........................................................................
..........................................................................
.........................................................................!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇