Өлеңдер ✍️

Алматы - Қызылжар
Жүрмін-ау қиялымның қаласында,
Биіктік ой толғаған даласында.
Ал, тізем із қалдырған тұлғаларды
Алматы - Қызылжардың арасында.
Қара жер тілдесіп көк аспанымен,
Аңыз боп жатар көптің дастанымен.
Сәбитті Сәбит қылған қарт Алматы,
Қызылжар өзек жарып тапқанымен.
Әр сөзі болашақтың аманаты,
Қалмаған кешегінің жаман аты.
Үлгілі алматылық тұрғындарға
Ғабит те Қызылжардың азаматы.
Қызырлы Қызылжардан кім шықпаған?
Арына ұл-қызының кір жұқпаған.
Сафуан абыройын көтерсе де,
Алматы тарихымнан сыр ұқпаған.
Малдыбай Қызылжардың қауымынан,
Тағдырдың қарсы тұрған дауылына.
Тіршілік толқынымен Алматыға
Тілшілік жолмен кеткен ауылынан.
Біліммен бәрінен де топ жарған ұл,
Инемен тарихыңды қопарған ұл.
Кеңсайда Темірғали атаң жатыр,
Қызылжар даласынан от алған ұл.
Сынына шыдай білген азабының,
Адамзат бағын көрер талабының.
Есләм да Алматыда көз жұмыпты,
Таланты Петропавл қаласының.
Өнердің қастерлесек майталманын,
Өркениет биігінде байқалғаның.
"Қызылжар Аяғанды туған ел!" деп,
Жөн шығар Алматыға айта алғаным.
Төл өнер жақтырса да дарақыны,
Тентіреп өтті елдің бар ақыны.
Зейнолла - Алматының студенті,
Ең соңғы Қызылжардың нар ақыны.
Алматы - ұлтқа бесік, ерге рақым,
Мекенің болар, болсаң елге жақын.
Ерік те тұрғындарын тік тұрғызған
Атынан Қызылжардың келген ақын.
Алматы, сенде кімнен із қалмады?
Тұрақсың сәуле қуған бізге алдағы.
Әуезов театрының Күнсұлуы
Құлпырған Қызылжардың Қызғалдағы.
Маған да тағдыр ертең қабақ ашар,
Сенімен есімім де сабақтасар.
"Самрат та Алматыға із салған!" деп,
Қызылжар жырларымды жадқа басар.
Өзіңе баурап жатыр Алатауың,
Көргенде тарихымның дара тауын.
Тамсанып тау көрмеген ақындарым
Жарыса ұйқастырған "Қаратауын".
Өзіңнен жүрекке нұр тарағандай,
Төсің де маған бақ деп қарағандай.
Бармай-ақ қояйыншы Көктөбеге,
Көрінсе алып қала алақандай.
Алматы, сенен тарих тізім алды,
Жеріңде ұлылардың ізі қалды.
Арманмен келгендіктен жас көңілім
Алмаңды еркелікпен үзіп алды.
Қайтадан келем әлі, аңсағаным,
Сен едің "Құтты жер!" деп таңдағаным.
Алматы - Қызылжардың пойызымен
Өзіңе көшіп, тұрам жазған әнім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇