Өлеңдер ✍️

Мұхтар Шахановпен сырласу
Сіз едіңіз,
Өз ұлтының қасиетін сақтаған,
Тура би боп әділдік пен ақиқатты жақтаған.
Арал, Балқаш мәселесі жөніндегі комитет
төрағасы болып елдің ақ үмітін ақтаған.
Ұлт дегенде ісіңізден байқалады ірілік,
Жұрт іздесе сізден ғана табылады кісілік.
Желтоқсанның ақ-қарасын ажыратып ел үшін
Жұбан менен Сафуанға көрсеттіңіз інілік.
"Қазақ халқы!" деп шырылдап талай таяқ жедіңіз,
"Қазақстанның келешегі - Өз тағдырым!" дедіңіз.
Дін Исламның қалдығы деп тойланбаған мереке
Наурыздың да келуіне
Сіз мұрындық едіңіз.
"Мемлекеттік тіл" дегенде бетіңіз де қайтпады,
Қазақ тілі үшін сіздей ешкім зардап тартпады.
"Отаным!" деп беріп тұрған марапаттан бас тартып,
Талай ақын сіз сияқты шындықты да айтпады.
Тер төктіңіз!
Жыр жаздыңыз!
Рухыңыз да өлмеді,
Жігеріңіз жасымады, басыңыз не көрмеді?
Сіз - "Рухани жаңғырудың" символы боп тұрасыз,
Арқаңызда руханияттың тасы өрге өрледі!
Туып-өскен айлағыңыз қасиетті, киелі
Түркістанның шарапаты жырыңызбен тиеді.
Ерлігіңіз айғақтармен тарихта тұр жарқырап,
Болашақтың өкілдері "Ерім!" деп бас иеді.
Кім қомағай?
Кім толағай?
Жетті талай көзіңіз,
Ашынғаннан отқа, суға түсіп жүрген өзіңіз
Пенделікпен тура жолдан тайып кете жаздасам,
Шырғалаңнан алып шығар әрбір айтқан сөзіңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇