Өлеңдер ✍️

Сары, Сүйір ержүрек бабаларым
"Отан үшін төгеміз қанымызды,
Отан үшін береміз жанымызды!"
Деп соғысып талай ер өтіп еді,
Аман көрсек әр атқан таңымызды.
Сол ерлікке күн жетті бас иетін,
Дәлелдеген елдіктің хас иесін.
Жауларына бір сүйем жерін бермей,
Танытқан әр қазақтың қасиетін.
Қазақ ұлтын түсірмей тұғырынан,
Артық көрген өзінің ғұмырынан.
Ақ найзаның ұшымен жерді қорғап,
Сескенбеген жаудың да қылышынан.
Жермен бірге тең қылған арымызды,
Берекелі сақтаған барымызды.
Жырлап Уақтан тараған батырларды
Ұлықтайық Сүйір мен Сарымызды.
Дұшпандарын түсірген тобасына,
Мойынсұнбай көргеннің жобасына.
Сауапты іс тындырдық ұрпақ болып,
Көшпен келіп бабалар обасына.
Менің кейде езілед(і) емешегім,
Болмаған соң халқыма берешегім.
Байыз табам ерлерге тағзым етсем,
Сол ізіммен ерердей келешегім.
Өзекті ой жанымды жетелесін,
Бұдан қалай тынысым кеңеймесін.
Іздемей бар әлемнің кереметін,
Кие көрем ерлердің кесенесін.
Тарих тұнған ойдың көкжиегімін,
Қасиетін түсінген киесінің.
Сары, Сүйір ержүрек бабаларым
шыққан Уақтың мен де бір жиенімін.
Ер күтеді қолдауын қауымының,
Күтпесе де лебізін бауырының.
Енді, Сары-Сүйір деп өзгертейік,
Атауын Докучаев ауылының.
Жоңғарлардан қорғаған елімізді,
Ардақтайық қос бірдей ерімізді,
Текті ұрпақ болған соң тер төгеміз,
Отаным деп сақтаймыз жерімізді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇