Өлеңдер ✍️

  17.06.2025
  625


Автор: Самрат Құскенов

Босқа өткен күнім

 



Бір журналист ағылшын жазушысы Бернард Шоудан: "Сіз бос уақытыңызда не істейсіз?" деп сұрапты. Сонда ол: "Бос уақытымда серуендеймін, ұйықтаймын, достарыммен пікірлесемін", – деген екен. "Сонда қашан кітап оқисыз?", – дейді сұқбат алушы. Жазушы: "Кітап бос уақытта оқылатын нәрсе емес, оған арнайы уақыт бөлемін, – деп жауап беріпті.



Біреу кетті мақтанып көлігімен,
Айрылған соң өзінің көрігінен.
Екіншісі коттеджін дастан етті,
Артығы жоқ кедейдің бөрігінен.



Үшіншісі қуанды жегеніне,
Жеткендей боп өз атамекеніне.
Төртіншісі мақтанды қатынымен,
Еш көндіре алмайтын дегеніне.



Көлік! Коттедж! Жеу! Қатын!
Өмір мәні?
Дәл осылай жазылды көңіл әні.
Абыройын дүниемен өлшейтіндер,
Бұл күндері болып жүр өңір сәні.



Неге қоғам ғылыммен жараспайды?
Материалдық жағдайдан әрі аспайды.
Қызғанса да біреудің қонған бағын,
Шын жүйріктің бабымен таласпайды.



Оқып шыққан кітапты талдамайды,
Шақырмайды білуге бар маңайды.
Өз елінің тарихын қорласа да,
Телефонның тарифын алдамайды.



Сонда қайда іздеген мағынамыз?
Сауатсызға неліктен бағынамыз?
Газет жүрген қойшының қонышында,
Ата-баба заманын сағынамыз.



Қайда кетті кешегі өнер елі?
Руханиятпен болашақ көгереді.
Артқа ұрпақ қалдыру - үлкен күнә,
Өміріміз болмаса өнегелі.



Әр қазақтың айтатын даты болсын,
Нақылдарды жаттайтын жады болсын.
Көлік үшін, үй үшін, қатын үшін
ғұмыр кешкен адамның аты өлсін.



Ондай өмір керек жоқ келешекке,
Боқ дүниені жіберген берешекке.
Шаттық сыйлай алмайды келімсектер
жүрген жолын ілімге теңесек те.



Өмір мәні ел-жерді көргеніңде,
Уақытыңды білімге бөлгеніңде.
Адам болып туған соң адамзаттан
Хайуан болмай, адам боп өлгеніңде.



Соны айтсам, көп адам түңіледі,
Шындық - менің іштегі үнім еді.
"Босқа өткен қай күнің?" деп сұрасаң,
Кітап бетін ашпаған күнім еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу