Өлеңдер ✍️

Сақаудың монологы
Егер тіл мен мәдениетің жоғалса шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес.
Нельсон Мандела
Ақыретке бара жатқан жолдамыз,
Ақиқатпен сақталатын қордамыз.
"Қызыл оба" қорымынан табылған,
Қор болмасын біздің "Алтын Ордамыз"
Жойылмасын ата дәстүр-салтымыз,
Өнегелі бола білсін қартымыз.
Ұрпақ аңыз қылу үшін тек қылып,
Артымызда сайрап жатсын алтын із.
Іздеп шықсақ өлең-сөздің тәуірін,
Көз көрсетер сынның жеңіл-ауырын.
Жәдігер боп қалу үшін жастарға,
Өткізейік ұлттың алтын дәуірін.
Қызықтырды мені сайрап жүргендер,
Бірін-бірі түсінісіп күлгендер.
Әттең, олар тіл қадірін біле ме?
Ойдағысын айтып өмір сүргендер.
Білер болса, айналасын боқтай ма?!
Арын емес, ақшаларын жоқтай ма?!
Бір-ақ сәтте мылқау болса мен құсап,
Сағаттары сол мезетте тоқтай ма?!
Бір жылы сөз айтпағанға қапамын,
Тілмаш ұқпас жұрттың шеккен жапасын.
Сөйлегендер өзін емес, алдымен
Маңыздысын ойласа ғой сапаның.
Тіл пайдасын білмейтіндер сайрады,
Адамзаттың бағын сөйтіп байлады.
Өсекшілер құртып, жойып жақсыны,
Жамандарды озу үшін қайрады.
Жарқыратып кигеніммен бөзімді,
Құдай жазған маңдайыма төзімді.
Тіл зиянын көріп көзден жас ақты,
Айта алмай айту керек сөзімді.
Қауысетпен ғұмыр кешіп мекенім,
Бір-бірінің сезбес етін жегенін.
Мүмкіндік жоқ, сүйегі жоқ қызыл тіл
Айтсам, шіркін, қандай қымбат екенін.
Сөз тасыған адамдарда білім жоқ,
Санасына тоқып жатқан ілім жоқ.
Өсек емес, мәдениеттің құралы
Тіл екенін айтқым келсе, тілім жоқ.
Ешбір пенде жөн көрмеген дегенін,
Ізі құсап суырылған шегенің.
Талай көрдім ақ-қараны айтам деп,
Шыншылдардың қалай таяқ жегенін.
Халық болып тұрғанымен қорғаным,
Шабысына ілеспедім жорғаның.
Ғайбаттаған адамдармен қырылмай,
Дұрыс бопты менің сақау болғаным.
Амалсыздан елдің бәрін тыңдаймын,
Құлағымды есту үшін шыңдаймын.
Жеті жасқа дейін тілі шықпаған,
Самратқа ұқпаса да ымдаймын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇