Өлеңдер ✍️

Досы жоқ адам болдық
Адамның бола бермес қалағаны,
Сындардан өтер талай дара жаны.
Дос болса, бауыр болса пейілі - кең,
Осы да бір Алланың қарағаны.
Бірақ та, қоғам кетті майдаланып,
Өз ұясын салатындай айға барып.
Дос та жоқ, бауыр да жоқ жаны ашитын,
Кеткісі кеп тұрады пайдаланып.
Басым тұр даналықтан шалалығың,
Көрмейсің баланың да балалығын.
Қастықтың бәрін жасап үйренгендер
Достықтың жоғалтқан ғой даралығын.
Досы көп адамға мен күлемін де,
Білмеген сыйластықтың көлемін де.
Жылатып айтатын жан болмаған соң,
Тағдырдың таяғын жеп жүремін де.
Досы жоқ адам болдық бәріміз де,
Дүниені серік қып жас-кәріміз де.
Көзінше адамдарды жалған мақтап,
Сыртынан өсек қылу - дәріміз де.
Өз басым ешкімге де сене алмаймын,
Өзім де еш сенімге ене алмаймын.
Қамшылап өз-өзімді отырсам да,
Өтірік айтқандарды жеңе алмаймын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇