Өлеңдер ✍️

  17.06.2025
  40


Автор: Самрат Құскенов

Ауыл бүгін медиен

 



Қайран да, қайран елім - Амангелді,
Төріңнен жақсы кетіп, жаман келді.
Сафуан, Зейнолладан ауған шабыт
Ешкімге қарамастан маған келді.



Ал, енді жыр өрнегін салайын да,
Тәнті қып жүрмін елдің талайын да.
Кедейдің шошаласын мекендеймін,
Байлардың жарқырамай сарайында.



Жершілдік құлағымнан бұратындай,
Елсіздік мені теуіп ұратындай.
Сексен бес үйдің орны медиен боп,
Иесіз жер жау шақырып тұратындай.



Ұлықбек прозаны саралайды,
Әлемін Сафуанның аралайды.
Несіпбек жырын төгіп, жүрегімді
Атамды еске салып жаралайды.



Мен қалай шындық кенін қаза алмаймын,
Жалғанды жалпағынан баса алмаймын.
Марфуға Сұлуқияға із салды деп,
Тарихқа жалған ақпар жаза алмаймын.



Жерлестер мәз болмасын жиғанына,
Ауылды тамырынан қиғанына.
Дұрыстап көрсетейік елдің жоғын
"Егемен Қазақстанның" Диханына.



Шыдамай саясаттың дауылына,
Қилы күн келіп жетті ауылыма.
Президент кеңесшісі Бауыржанның
Тисе екен езілердей бауырына.



Жетпеген Сафуанның қадіріне
көш бармақ Шаймерденнің қабіріне.
Ержігіт елсіз қалып сыналғанда,
Шағымын айтпай ма көк Тәңіріне.



Құт бітсе меймандардың аяғына,
Қалмаспыз тоқыраудың аязына.
Арқасын тосса, елді қорлағандар,
Дәулеткерей Кәпұлының таяғына.



Бұл тойдың айта көрме жайын маған,
Жаз бойы тыным таппай дайындаған.
Сафуан ұмыт болып қалар еді,
Ботадай боздамаса Сайын ағам.



Тар заман теуіп жапты есігімді,
Таппадым жерге кірер тесігімді.
Қарама-қарсы тұрған, бұзылған үй
туғанда тербеп еді бесігімді.



Асылдың бағаламай саңлағын,
Қазағым, руханиятта қаңырадың.
Ауылын сақтай алмай қалдыңдар ғой,
Сақтаңдар Шаймерденнің шаңырағын.



Бұл өмір сыйлап өткен арамын да,
Мәрт қылып көрсетердей сараңын да.
Оттан да ыстық болды Отынағаш,
аунатқан ұлыларды алаңында.



Сөзімді қоғам теріс ұқпаса екен,
Арымның туын бірден жықпаса екен.
Жүз жылдық тойға келген мықтылардың,
Ішінен екіжүзді шықпаса екен.



Бір Алла сынға салса басымызды,
Данышпан қылар әрбір жасымызды.
Қалпына ауылымды келтірсе екен.
Ішкендер бүгін берген асымызды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу