Өлеңдер ✍️

  17.06.2025
  37


Автор: Самрат Құскенов

Отанын тастап қашқандар

 



Паналап қазақ даласын,
Патшаға жапқан жаласын.
Қазақстан жерін басқандар,
Жеткізген жүрек наласын.
Отанын тастап қашқандар
Көрсетті істің шаласын.



Өзінің қорлап ағасын,
Ұя қылған жаттың жағасын.
Баға алмас әбден сасқандар,
Қатын мен бала-шағасын.
Отанын тастап қашқандар,
Түсірді ердің бағасын.



Өз жерін қорғай алмаған,
Ерліктің ізін салмаған.
Беделін елдің шашқандар
Неліктен өліп қалмаған?!
Отанын тастап қашқандар
Қайың боп бүршік жармаған.



Қор қылды асыл данасын,
Қашқын боп улап санасын.
Мемлекет артын ашқандар,
Таба ма елдің жаңасын?
Отанын тастап қашқандар,
Атқанмен тең ғой анасын.



Өз елін керек қылмаған,
Бөгдені қайтып жырлаған?
Шекара асып, қашқандар,
Әкенің бетін тырнаған.
Отанын тастап қашқандар
Жабысып тұрған кір маған.



Бір сәтте буып сөмкесін,
Жауына тастап өлкесін.
Саулығын ойлап сасқандар,
Тау көрер нардың өркешін.
Отанын тастап қашқандар
Өсіре қоймас өркенін.



Қастерлеп туған ұлтымды,
Пір тұтам атажұртымды.
Қазақ деп құрбан боламын,
Шаба алмас ешкім мұртымды.
Отанды тастап қашпаймын,
Сақтаймын әдет-ғұрпымды,
Сүйген соң асқақ ұлтымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу