Өлеңдер ✍️

Меруерт муза
Жыр керек ойдың кенін қазу үшін,
Сыр керек жан дүниеңді ашу үшін.
Теңіздің ең түбіне кеткім кеп жүр,
Лебіздің ең жақсысын жазу үшін.
Қаламын ақ арманның жетегінде,
Махаббат теңізінің тереңінде.
Музамның бар болғаны қандай жақсы,
Күн кешем бос қиялдың етегінде.
Өзің деп таусылмайтын асқақ әнім,
Жалғанның іздемеймін басқа мәнін.
Өртенген сезім таппай сөз меруертін,
Төрт жолдан құт іздеуге жасқанамын.
Музаны Құдай дейді білетіндер,
Образға періште боп кіретіндер.
Адамда екі Құдай болады ма?
Санаға бар ма соны ілетіндер?...
Жайым жоқ ел алдында ақталатын,
Бұл заман менің басты бақталасым.
Құдайым болмай-ақ қой, сәбиім бол,
Мәңгілік пәк күйіңмен сақталатын.
Сүйгеннен шыға қоймас жаман атым,
Ғашықтық түрме екен қамалатын.
Әкеңнің көздің қарашығындай қып
сақтайтын сенсің менің аманатым.
Көнбейді оңайлықпен қыз дегенім,
Жөн болар күдерімді үзбегенім.
Еңсемді түсірмеймін, көтеремін,
Сен едің меруерт муза іздегенім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter