Өлеңдер ✍️

Үлгі ауылына жанашырлық
Әрбір балаң болғанмен мақтанарлық,
Халің жоқ қой дәл қазір шаттанарлық.
Жан айқайы шықса да құлақ керең,
(Жағдай бар ма дамуға аттанарлық?)
Осы шығар заманның келекесі,
Аталып жүр биліктің мерекесі.
Бытшыт болып тұрған соң көшелері,
Ауылдың да кетіпті берекесі.
Бас-аяқ деп екіге бөлінетін,
Бөлінгені қызық боп көрінетін.
Үлгілі боп тұрса да, бір кездері,
Ауылым-ай өз шамын өшіретін.
"Үлгім-ай!" деп салғанмен байбаламға,
Мүмкіндік бар сақтайтын қай балаңда?
Жүн иіріп саясат ұршығында,
Қурай қаптап кетіпті айналаңда.
Үлгі, талай тамсандық нарлығыңа,
"Нығым тұр!" деп мақтандық барлығына.
Алатау да аласа боп тұрмай ма?
Санасыздың бағынса жарлығына.
"Менің Үлгім бітті" деп уайымдаған,
Өткеніңді аңыз қып пайымдаған.
Анам назын айтса да кім тыңдап жүр?
Ханға даты болмаған дайындаған.
Үлгі саған жан анам алаңдайды,
Құнарлысың, енді кім жамандайды?
Ортасына түсірген шаңырақты,
Жөнсіздер де бір күні араңдайды.
Ана сөзі мені жай қалдырмады,
Әдемі жер көзімді шалдырмады.
Жұмыссыздық батқан соң жан жеріңе,
Бір балаң да нұрлы жол салдырмады.
Қыста жолы бір рет те ашылмаған,
Әкімдікке ашуың басылмаған.
Езілгенде көрсетіп машақатын,
Көңілдің сыз-жарасы жазылмаған.
Мектебің де бір күні жабылады,
Жекекөлге керуенің сабылады.
"Әкеміздің нағашы жұрты!" дейтін,
Ұл-қызыма тек орның табылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇