Өлеңдер ✍️

  17.06.2025
  42


Автор: Самрат Құскенов

Үлгі ауылына

 



Өз халқының айналған шатырына,
Жарты сүйем жер бермей жат ұлына.
Сыймай жүрген ақының ешқайда да,
Сыйып еді қызыңның жатырына.



Шүкір дейтін таңына әр ататын,
Күпір көрмей Алаштың марапатын.
Бастау алған қызыңның құрсағынан,
Ұлы жолда тиетін шарапатым.



Құштарланам заманның жаңасына,
Қызың елдің ұқсаған данасына.
Ұл өтеді нағашы жұртын сыйлап,
Қарай білген құрметпен анасына.



Үлгі десе, үлгі ғой өнегелі,
Бола білген ежелден өнер елі.
Өз атына заты сай ауыл болып,
Ұл-қыздары батамен көгереді.



Ұлылықпен ашылып ана сыры,
Танылады баланың жаңа қыры.
Сыншыл болып сырт көзге көрінсе де,
Нағашы - ер жігіттің жанашыры,



Құрбаны боп кетпесін жаман аттың,
Төркіні боп тұрған жер ғажап аттың.
Тура қарай алсаңдар ақиқатқа
Нағашы жұрт - діңгегі азаматтың.



Анамның ақ сүтінде қорғаным да,
Тектілігім уызға толғаным да.
Елдің қамын жейтін ұл қайдан шығар,
Нағашысы өзімшіл болғанында.



Ана десем, шабытым тарқасын ба?
Талдаған ақсақалдар алқасында.
Үлгі, сенің дәрежең биік боп тұр,
Бақтыбаев Қонақтың арқасында.



Үңілейік ойдың көкжиегіне,
Тағзым етіп білімнің киесіне.
Саған да жыр арналып жазылады,
Өнер қонып Қонақтың жиеніне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу