Өлеңдер ✍️

  17.06.2025
  39


Автор: Самрат Құскенов

Қазаққа тән емес

 



Той десе домалап, бармасаң батаға,
Ой іздеп құлақты салмасаң атаға.
Қазаққа тән емес тірліктің барлығын
жүк қылып алғаның арқаңа бата ма?!



Ұлт ары - қыз арын қорлайсың, таптайсың,
Халықтың мұң-зарын ойламай даттайсың.
Қазаққа тән емес істерді тындырып,
Батысқа еліктеп өзіңді баптайсың.



Ақша деп қақсайсың, ұмтылмай ілім деп,
Соңғы рет сен қашан от кештің "Тілім!" деп?
Қазаққа тән емес қылықпен жарқырап,
Дүниені уайымдап миың тұр іріңдеп.



Білмейсің ең құнды кітаптың бағасын,
Осылай білімнің шырағын жағасың.
Қазаққа тән емес қадамдар жасасаң,
Әкеңнің басына жұртқа мін тағасың.



Дәл қазір ешкім де бұныңды елемес,
Ұл болып туғанның бәрі де ер емес.
Өз қара басыңның қамын жеп күн кешсең,
Жігіттік бақытың - боқ дүние, ел емес.



Бағым - ұлт, қазақты қолтықтан демесем,
Маған ұят, Қазақстан үшін қам жемесем.
Қазаққа тән емес із салсаң, ренжіме,
Өзіңді жетесіз мәңгүртке теңесем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу