Өлеңдер ✍️

  17.06.2025
  29


Автор: Самрат Құскенов

Жеңгетайлық

 



Әй, жеңгетай!
Жоғалттың-ау, құныңды,
Айтамын деп ағам жайлы мұңыңды.
Қайныңа бір тимей қойды көмегің,
Ата жолы кешіре ме бұныңды?



Бұл жалғыздық соққан салқын жел еді,
Жалғыз сөзін кім ескеріп, еледі?
Жеңгетайлық жасамайсың, аңғарсам,
Міндеттерің орындалмай келеді.



Ей, жеңгетай!
Көңілімді қалдырма!
Шауып келем, аяғымды шалдырма.
Жас жүректі арбайсың ба, өзің біл,
Не қылсаң да, жаныма мұң алдырма.



Шешінесің,
Дұрыс ұқпай сөзімді,
Тас төбеме шығарасың көзімді.
Байғұсым-ай, салт-дәстүрді айтамын,
Жезөкше қып көрсетпеші, өзіңді.



Қызығыңды ағам көрсін аймалап,
"Сені аңсап жүрсе, кеткен ай қарап".
Еркелік деп түсінетін сол ғана,
Дауысыңды көтерсең де айғалап.



Маған керек боп тұрғаны - қызметің,
Тәнімізге тиіп жатқан нығметің.
Екі жастың арасында жүгіріп,
Дәнекерлік жасау - басты құрметің.



Эх, жеңгетай,
Бейхабарсың салтыңнан,
Есің барда сөз ергізбе артыңнан.
Жезөкшелік кәсібіңе айналса,
Айрыласың жанұя деген алтыннан.



Қырық айла келмеді ме басыңа?
Қарап тұрсам, сенің ғұмыр-жасыңа.
Бірге өлім жазасына кесіліп,
Бұныңмен кір келтіресің атыма.



Жеңгетайлық жаса десем, шалындың,
Үлкен күнә теңізіне малындың.
Ұлттың әдет-ғұрпын таптап, қор қылып,
Сайқалым-ай, қандай жолға салындың?



Опасыздық жасауменен ширадың,
Ақыр соңы аңдымастан қирадың.
Адал бопсың, мақалына қазақтың,
Қайнысына сыйлаған бір сирағын.



Деп бір досым жеңгесіне сын айтты,
Қоғамдағы мәселені шын айтты.
"Қайнінікі жеңгенің бір саны!" деп,
Қайран қазақ мақалды да зың айтты.



Салт-дәстүр, бұл - айналған ел сәніне,
Сал-серілер қосып жүрер әніне.
"Жеңгетайлық" ұмыт болған салтымыз,
Жезөкшелер ие боп кеткен мәніне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу