Өлеңдер ✍️

Сен сұлусың, Қызылжардың күзінен
Қызылжардың күзі күз бе?
Өзіңсіз,
Тұңғиық та таяз еді көзіңсіз.
Кел дегендей, жоламашы дегенің,
Махаббатқа ұнайтындай "төзімсіз".
Қылығыңмен алтын қылып күзіңді,
Аңсатасың кездеспей, ақ жүзіңді.
Жүректегі сағынышым сарғайып,
Шумақ толы жапырақ боп үзілді.
Әдемілік сыр шертетін жүзінен,
Сен сұлусың, Қызылжардың күзінен.
Табиғатта шарлап кетем шарқ ұрып,
Сырласымды таппай қырдың түзінен.
Тек сенімен еркелетем Есілді,
Өзіңменен мәселем де шешілді.
Айып етпе, ғайып болсаң, әлемге
қарсы шығам мен үзілді-кесілді.
Махаббат жоқ ойдан маржан сүзбеген,
Жөн, сезімнен күдеріңді үзбеген.
Сап-сары қып бояса да маңайды,
Сендей сұлу бола алмайды күз деген.
Дұрыс болар шындыққа бет бұрған да,
Әсемдік бар, маңғаздық бар тұлғаңда.
Боянған күз Қызылжарға өң бермес,
Боямасыз жарқын бейнең тұрғанда.
Көркін дала сипады бір, сылады,
Түк шықпай қап, жаңбыр болып жылады.
Күзін сенсіз тұра алатын Қызылжар,
Келбетіңсіз қалай сұлу қылады?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇