Әңгімелер ✍️
БІРІҢДІ – ҚАЗАҚ, БІРІҢ ДОС, КӨРМЕСЕҢ – ІСТІҢ БӘРІ БОС
Қазіргінің заманы – жүйріктің емес, сұңғыла мен пысықтың заманы. Ойы жүйрік, сөзі анық, өз мүддесін дәл білетін адам ғана алға шығады. Бірақ соған қарамастан, бір нәрсе маза бермейді. Ол – қазақтың өз қазақына деген суықтығы.
Иә, техника дамып жатыр, білім жолы кеңейді, шетел көргендер көбейді. Бірақ сол дамудың ішінде жүректегі жылулық қалып бара жатқандай. Ағайынды екі адам бір-біріне жат, көрші бір-бірінің есімін де білмейді. Қазақ болып туған соң, қазаққа жақ болуымыз керек еді ғой. Бірақ бүгінгі жұрт бір-біріне жау боп алғандай. Бірі қуанса – бірі іші күйеді, бірі жетілсе – бірі аяқтан шалады. Қайда кетті сол баяғы “бауырмал қазақ”?
Қазір кімге сенесің? Сенгенің сатып кетеді. “Туысыңмен істе жұмыс – шынайы түрін сонда танисың” деген сөз жүр. Өйткені таныс, дос, ағайын дегендер біреудің қуанышын көре алмайды, керісінше, «осы қайтіп жетті?» деп, іштей күйіп-пісіп отырады. Бұған себеп – іштарлық. Ал іштарлық – надандықтың белгісі. Себебі нағыз ақылды адам басқаның жетістігін көре отырып, шабыт алады, қызғанышпен емес, қайратпен жарысады.
Бүгінгі қазақтың басындағы ең үлкен індет – сенімсіздік пен өзара қолдаудың аздығы. Біз әлі де бір-бірімізге сене алмаймыз. Сыйламаймыз. Қадірлемейміз. Абай атамыздың: “Біріңді – қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос” деген сөзі дәл қазіргі заманға айтылғандай. Себебі біз дос бола алсақ, біз – ел боламыз.
Қоғам өзгеріп жатыр, сана да ілгерілеуде. Бірақ бір-біріне тас ату, мазақ ету, аяқтан шалу – бәрібір көптің әдетінен кетер емес. Әсіресе жастар арасында осы көрініс қатты байқалады. Біреу киініп шықса – «мақтанып жүр» дейді. Біреу спортпен айналысса – «өзін бірдеңе сезініп жүр» дейді. Біреу бір жетістікке жетсе – «байдың баласы шығар» деп аузы-басы қисаяды. Неге? Неге біз өз ұлтымыздың ұлы болғанына емес, сүрінгеніне мәзбіз?
Егер осы күймен жүре берсек, біз ешқашан ұлт болып ұйыса алмаймыз. Бірлігі жоқ елдің тірлігі де жоқ. Өйткені күш – көпте, тірек – тілеулес адамда. Егер біз бір-бірімізді шын тілесек, қолдасақ, дұғада болсақ – бізді ешқандай сыртқы күш жыға алмайды.
Сол себепті, ең алдымен, өзімізді түзейік. Қарапайым нәрседен бастайық: қазаққа жылы сөйле, қуанышына ортақтас, сүрінсе – деме, жетсе – тілеулес бол. Бұл – үлкен тірлікке жасалған кішкентай қадам. Егер осыны әр қазақ өзінен бастаса – біз үлкен ұлт боламыз
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇