Өлеңдер ✍️

Тандыр нан
- Дәмханаға алайын деп түстеніп
келген едім ерекше бір күшке еніп.
Тандыр нанды үзді аппақ он саусақ,
Иесіменен жатқан кеше түске еніп.
Жүректегі сезім отын жандырған,
Жан-тәнімнің қышығанын қандырған.
Мейірімді көріп қыздың жүзінен,
Таңғажайып күй кештірген тандыр нан.
О, әдемім! Неткен жылы жүзіңіз,
Көктем болып кетеді екен күзіміз.
Ішейін өз қолыңыздан дәмді ас,
Тандырды да өзіңіз кеп үзіңіз!
- Деген едім, ару гүлдей жайнады,
Дайағашшы қызметінен таймады.
Асқазанның қыжылдауы басылып,
Сол баяғы күйбең тірлік қайнады.
Дастарханнан тұрмай жатып кекірдім,
Қарын тойып, әзілдесіп секірдім.
Айдай сұлу боп көрінген аш кезде,
Біртүрлі боп көрінді ғой кекілдім.
Түсінгенім нан - адамның иесі,
Жоғы басқа тас боп талай тиеді.
Аш студент ғашық болса өтірік,
Ұққанға бұл - тандыр нанның киесі.
Көк тиыным болмаса да қарыным
тоқ боп бойда алаулады жалыным.
Даяшы қыздың тілін тауып шай ішкен,
Сол кездері риза қылды дарыным...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇