Өлеңдер ✍️

  08.06.2025
  131


Автор: Самрат Құскенов

Мені жек көр


Ірілікпен танылған соң маңыма,
Кішілікпен үңілмеймін жаныма.
Кісілікпен жүрсең, мені жақтырмай,
Сәуле түсір көңіліңнің таңына.

Алла маған бере салған шабытты,
Алдамаған өткен ешбір уақытты.
Жылап ғұмыр қоштасса, мен өлгенде,
Жырлап халық көтереді табытты.

Мені жек көр, түсінбесең өлеңді,
Жырмен ғана жаным нұрға бөленді.
Ұлы қылып аттандырып тарихқа,
Талант үшін сыйақым да төленді.

Мені жек көр, дарын десең шатағым,
Керек емес сый-құрмет пен атағың.
Сен бүгіннің қорласаң да баласын,
Шыңдап жүрсің ертеңгінің атасын.

Мені жек көр, жаралғанмын сүймеуге,
Жалған сезім жалынына күймеуге.
Ақым барда өлеңдетіп кетуге,
Қақың бар ма сөзімнен ой түймеуге?

Мені жек көр, өтірік дос болмаймын,
Шындық барда қызғалдақтай солмаймын.
Жылы сөйлеп, жадыратып жаныңды,
Жылтыраған құнсыз баққа толмаймын.

Өмірде не мән қалады, түңілсең,
Ал, қызығы құлап, тұрып, жүгірсең.
Жек көріп кетпей тұрғаныңда жөн, бірақ,
Жүрегіңнің ең түбіне үңілсең.

Кейбір жанға қарап тұрып күлесің,
Көрген кезде сын сағатпен күресін.
Біраз адам сан соғады кеш қалып,
Жек көрем деп тыңдамастан жүрегін...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу