Өлеңдер ✍️

  08.06.2025
  130


Автор: Самрат Құскенов

Сен қоңырау шалғанда

 



Есіміңді жүрекке жазғандықтан қарағым,
Сезіміңді жырлаймын ашып көңіл парағын.
Сеніміңді жоғалтпау үшін талай от кешем,
Елігімнің көрсем деп көзіндегі қара-ағын.



Өзің жайлы таусылмас менің жазар дастаным,
Көзің тайса қара бұлт төндіреді аспаным.
Төзім бар ма? деп мені анда-санда сынасаң,
Сөзің жанға жалын боп тиетіндей саспадым.



Телефоным шыр етсе, жүрек бірге дүрсілдеп,
Сыймай кетіп кеудемді ұрад "Босқа жүрсің!" деп.
Әдемі әзіл сыйласам бағым жанып кеткендей
Әлегі боп ғашықтың "Сүйген жаным күлсін!" деп.



Бұрын біраз ғашықты сынап-сынап алғанмын,
Жан-тәніне қаяу сап, аяқтан да шалғанмын.
Есім кетіп сүйгеннен бері мүлде өзгердім,
Сенен ғана құт іздеп, көптен жырақ қалғанмын.



Кім келеді белгісіз, кім кетеді жалғанда,
Жеткізбейді, ал, кейде жеткізеді арман да.
Үш жүз алпыс градусқа өмірімді өзгертіп
тастайтын күш келердей сен қоңырау шалғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу