Өлеңдер ✍️

  08.06.2025
  112


Автор: Самрат Құскенов

Сенде терек болып өстім, Қызылжар

 



Сенің далаң, ұлыларға кенде емес,
Ар-намысың қор болардай жерде емес.
Қарағайың - Шаймерденов Сафуан,
Көркем сөзсіз жан жарасын емдемес.



Айтар болсам, ұлы істің пайымын,
Мен емеспін күтер астың дайынын.
Бауырыңда өскен Ерік Асқаров,
Есіліңе көрік берген қайыңың.



Сезеді жыр-жүрек, саған керекпін,
Ертеңіңе жеткізер көп дерекпін.
Жұмсақ болып көрінетін сырт көзге,
Сенде өсіп, бапталған жас терекпін.



Бұл сөзіме күлер, мүмкін түсінбес,
Ешкім де ой астарына жүгінбес.
Жарылмайтын кебер болса бабымен,
Терек болам ешбір жерде сүрінбес.



Философия жан-тәнімді аулаған,
Филология өз-өзіне баураған.
Кепкен сайын киізденіп қатайып,
Терек едім өлең болып қаулаған.



Қатайғаным - биіктерге жеткенім,
Төл өнерді өз тағдырым еткенім.
Елдің жиі ұшыраймын сынына,
Осы шығар ұлы жолда кепкенім.



Жұмсақтығым, мінге назар саламын,
Әрбір сөзді көңіліме аламын.
Сын айтқаннан, мін таққаннан түзеліп,
Ұштап келем поэзияның қаламын.



"Не істейді?" деп қараса айналам,
Кең тынысты ал деп берді бай далам.
Сенде терек болып өстім, Қызылжар,
Алматыда Бәйтерекке айналам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу