Өлеңдер ✍️

Бір тылсым күш тартады Алматыға
Ғұмыр кешіп өнердің ғаламында,
Серік еттім сезімнің қаламын да.
Өз ортамнан бөлектеу жүрем қазір
Әлденені ойыма аламын да.
Кім жаныма арнайы үңіледі?
Еш түсінбей ісімнен түңіледі.
Меркурийде тұрғызып жіберетін
Меруерт муза іштегі үнім еді.
Қалап елдің құрметке бөлегенін,
Поэзияның парызын өтегенін.
"Самрат кел!" деп қол бұлғап шақырғандай
Мұқағали, Жұмекен, Төлегенім.
Не құдірет екенін ұға алмадым,
Не болса да, бұл дертті жыға алмадым.
Алматыға кетудің сәті түспей,
Қызылжардың жерінен шыға алмадым.
Алып қала Самратты жақтайды ма?!
Бізді тарих беттері мақтайды ма?!
Бір тылсым күш тартады Алматыға,
Барып қалсам, үмітті ақтайды ма?!
Нұр шашылған әр таңның арайында,
Болашаққа сенімді қарайын да.
Алматыда осыдан тұрайыншы,
Кеш беремін Республика сарайында.
Келешекке жаздырып әр хатымды,
Ой аралап жүр өлең-арбатымды.
Бір тылсым күш тартқаннан болар бәлкім,
Мен аңсаймын, сағынам Алматымды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇