Әңгімелер ✍️

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ - КІТАП ОҚУДАН БАСТАЛАДЫ
Жақында KitapBooking деген клуб ашқан болатынбыз. Әзірге Уатсап топта 130 шақты адам бар. Жылдың аяғына дейін 1000 белсенді жинап, 10 аймақта тұрақты түрде оффлайн жиындар өткізіп тұру жоспарда бар.
Қыркүйектен бастап, кітап жазатын авторлармен, ақын-жазушылармен жақынырақ танысып шығуға тырысамын. Алакөлде демалғанда, көп кітап оқитын, интеллектуал Aidos Sarym ағамен біраз дүниені ақылдастық. Айдос аға әр саладағы кітап оқитын авторларға жағдай жасап, соларды іздейтін агенттіктерді қолға алу керек екенін, заңды да реттеу қажет екенін, кітап оқуды барынша насихаттасақ, қоғам да жақсы жаққа өзгеретінін алға тартты. Менің Кітап Challenge влогымның болашағы бар екенін де сеніммен айтты.
Одан кейін жазушы, прозаик, кезінде Ұлттық арнадағы Апта kz бағдарламасымен халыққа танылған Есболат Айдабосын ағамызбен жақын танысып, дастархандас болдық. Жанында жылына бір кітап шығаратын, еңбекқор әрі лирик ақын Ерлан Жүніспен де танысып, жақсы әңгімелестік. Қазір біздің қоғамда көп адамда рухани вакуум пайда болып, оны толықтыратын ақын-жазушылардың жағдайы мәз емес. Жазушылар одағында 777 мүше болса, 18 млн халыққа бөлгенде 23 мың адамға 1 ақын немесе жазушыдан келеді деген сұмдық статистиканы біліп қалдым. КСРО-ны қанша жамандасақ та, идеологияға, әсіресе, осы ақын-жазушыларға қаржыны аямай құйған екен, жазушы бір кітап шығарып, 6 Волга көлігінің ақшасын алып, тегін курорттарда демалатын болған деді Ерлан Жүніс. Соңғы жылдары 3-4 кітап шығарған ақын өзін жалқау санағанына қызыға әрі қуана қарадым. Есағаңмен де әңгімеміз жарасып, өз басым рухани жаңғырумен тегін айналысып жүрген осындай ақын-жазушыларды барынша насихаттауға атсалысуға тырысамын. Рухани вакуумды толықтырмай, қазақтың идеологиясы да, құндылықтары да түгенделмейтіні рас.
Осыған орай, Beysen Kuranbek ағамыз "Туған өлке" жобасы аясында Алматы мен Астанада жағдайы болмай жүрген көптеген рухани дамуды жасап жүрген ақын-жазушыларды, журналистер мен блогерлерді Жетісу өңіріне тартып, оларға баспана мен жұмыс орнын реттеп беріп, шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасауы мақтауға лайық. Мысалға, Есболат Айдабосын мен Ерлан Жүніс те осы жоба аясында Алматы облысы әкімшілігі тарапынан баспаналы болып, кітаптарын үзбей жазып жатқаны қуантарлық жағдай. Маған өз қолтаңбасымен биыл шыққан "Сүйікқала" кітабын сыйға тартты. Бұнда облыс әкімі Амандық Батталов пен Ішкі саясат басқармасы басшысы Рустам Алидің еңбегін ескеріп, айта кеткен жөн. Басқа облыстар да, Алматы қаласы да үлгі алып, осындай ізгі шараларды жасаса екен.
Бұйыртса өз басым жылдың аяғына дейін өз салам бойынша 2 кітап шығарып, клубымызда 1000 белсенді жинап, интеллектуал ұлттың оқырмандарын қалыптастыруға барымды саламын. Біз кітап оқымай, сапалы контенттер жасамай, рухани құндылықтарымыз түгенделмейді. Рухани жаңғыруды қазақша кітаптардан бастайық, құрметтік билік өкілдері!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇