21.04.2025
  40


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Тіл мәртебесі-ел мәртебесі

                                                                          


      Осы жазда қазақтың үш мегеполисіне сапар шегудің  сәті түсті.Әр шаһарда аптадан астам уақыт болдым. Енді мақтан тұтар ең ірі қалаларымыз болған соң сәулеті мен тазалығына һәм халқының мәдениетіне,жүріс-тұрысына  сын көзбен қарайтынымыз рас. Әсіресе қаладағы қазақ тілінің ахуалына назарым көбірек ауды. Бірде күйініп, бірде сүйініп қайттым.


     Шымкенттің орталық саябағында  қыдырыстап жүрген бір топ орыс ұлтының балаларын тоқтатып алып: «қазақша сөйлей аласыңдар ма?»  дедім. Байқауымша 6,7-сынып оқушылары.


-Әрине сөйлейміз!-деп жарыса жауап бергенде төбем көкке екі елі жетпей қалды. «Қазақ тілінде емтихан тапсырдыңдар ма? Қандай баға алдыңдар? Қазақ тілі сабағында қай тілде сөйлейсіңдер? Қазақ балаларымен қай тілде сөйлесесіңдер?» деген сұрақтарыма қазақша жауап алып, риза болдым.


      Алматыда мен тұрған 12 қабатты үйдің екі қапталында балалар ойнайтын алаңқайдан күні-түні қазақша сөйлеп шуласқан түрлі ұлттың балаларына қарап, көңілім жайланды.Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқара алмай жатқанын білсем де, бала тілінің өз тілінде шыққанын, оған өзгесінің ұйысуын көріп, тіліміздің болашағына сенгендей болдым.


       Астана дарынды һәм зиялы азаматтар шоғырланған орталық. Астанаға алғаш барсам да  қала көркі, жаңадан бой көтеріп келе жатқан құрылыс нысандары мені қатты қызықтырған жоқ. Ең бірінші,бас қала тұрғындарының тілге деген құрметін көргім келді. Бірақ, керісінше анасы сәбиімен орысша шүлдірлескеннің,құрбылар өзара орысша сөйлескеннің куәсі болдым. Мейрамханаға даяшылары, өз қаракөз бауырларымыз: «Добро пожаловать!» деп қарсы алғанда да, демалыс орындарында қазақ тілінде екі ауыз сөз айта алмаған жеткіншектерді көзім көргенде де жүрегім қан жылады. Қаймағы бұзылмаған қазақи ауылдарынан  көшіп  барып жатқан қазақтар бас қаламызды түгел қазақыландырып жіберген шығар деп, есек дәме боп барған есіл үмітім ақталмады.


       Қазір елімізде урбанизация қарқыны жыл сайын өсіп келеді. 2023 жылғы ресми ақпараттарда Астана қаласында қазақтардың үлесі 80 пайыздан көп делінген. Астана қаласындағы мемлекеттік мекемелерде де,ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталықтарында да, қоғамдық көліктерде де қазақ тілі үстемдік құру үшін барлық мүмкіндіктер жасалған.Әлде бұл жай ғана  формальдылық па? Ендеше неге қазағы көп қала қазақша сөйлемейді? Неге қазақ мектебінде білім алатын қазақ балалары бір-бірімен орысша сөйлеседі? Неге көшеде кімді сөзге тартсаң да, мұрнын шүйіріп орысша сайрай жөнелетіндер көп? Мәжбүрлі тілдік ассимиляция жүріп жатқандай әсер қалдырады.                                                                                                                              


        Құлдық санадан арыла алмай жүріп, өзгенің тілін таңсық, өз тілімізді  мансұқ көріп, отыз екі жылдан  бері  тілімізге ие болудан қалып  «Мәңгілік ел құрамыз!» деуіміз күлкілі,әрине. «Тілін білмейтіндер емес,тілін білгісі келмейтіндер-мәңгүрт» дейді атам қазақ. Мәңгілік елімізді мәңгіге сақтау мәңгүрттердің ісі емес.Әрбір санасы ояу,ақылы  мүдірмеген азамат «Тіл –ұлттың сүйенетін тамыры,сыйынатын тәңірі» (халық мақалы) екенін білсе керекті.Осындайда Ғ.Мүсіреповтың «Кейбір ғалымдардың бастары толы ми, миы толы ақыл. Әттең, со ақылды айта алар тіл жоқ» дегені еске түседі.


      Қысқасы, мемлекеттік тілдің даму деңгейін жеделдетіп,мәртебесін арттыру өз қолымызда. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін әрбір қазақ қай жерде болмасын ана тілінде сөйлуі керек. Үкіметке өкпе жоқ, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қолайлы жағдайлар жасап-ақ  жатыр. Кей министрлердің шала қазақшасын есепке алмағанда, басым көпшілігі жиылыстарда қазақша сөйлеп жүр, «для галочки» болса да.  Бар бәле өзімізде жатыр! Өзгенің тілін сәнге айналдыратын да,  басқаға қазақша сөйлеуге мұрсат бермейтін де сол баяғы жарамсақтығымыз.


«Тіл мәртебесі- ел мәртебесі»(халық мақалы) екенін ұмытпайық,ағайын.


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу