Өлеңдер ✍️

АРМАНДА КЕТКЕН АНАМ-АЙ!
(өтінішпен)
Сәл кетсем жырақ, алыстап,
Іздеуші едіңіз сіз мені.
Қапыда сізден айрылдым,
Зар илеп қызың іздеді.
Көзімнің ағы, қарасы,
Көңілде кетті-ау наласы
Артына тастап біздерді.
Ішінде толып мұңдары,
Айтылмай қалған сырлары,
Жаралап ой тізбегі.
Өмірдің көрмей рахатын,
Қызығына бататын,
Жай болмады-ау сіздегі.
Мейірімін төккен күн,
Шуағын шашар көктемім,
Жапырағы жоқ күзге енді.
Арманда кеткен анам-ай,
Бұл өмір деген жалған-ай,
Қанатсыз еткен біздерді.
«Шырағым» дер, «күнім» дер,
Сағындым сені қызым дер
Қайдан табам сізді енді?!
Жалғаншы өмір, жалған-ай,
Арманда кеткен анам-ай!
Осылай неге тағдырың,
Сынаққа толы болған-ай.
Қызығын көрмей ұлдардың,
Өмірде жайың болмады-ай.
Қаншама бала өсірдің,
Қателігін кешірдің...
Сонда да бағың жанбады-ай.
Қызықтарын көрем деп,
Қиындықты жеңем деп
Жүргенде сағың сынғаны-ай.
Не пайда бала туғаның,
Қуанышын бермесе.
Ата-анасын құрметтеп,
Қасына ертіп жүрмесе.
Қасында боп ауырса,
Қуанса бірге күлмесе.
Не пайда, айтшы не пайда,
Іс қылмаса бірлесе!
Жалған-ай өмір, жалған-ай,
Арманда кеткен анам-ай.
Өзіңізден айырып,
Тағдырдың басқа салғаны-ай!
Ішқұса боп Анашым,
Ойлағаны болмады-ай!
Тәй-тәйләп қадам бастырдың,
Өмірге есік аштырдың.
Мейірімді анашым,
Біздерді кімге тапсырдың?!
Ананың орны тым бөлек,
Анасыз өмір түн демек.
Ренжітпеңдер ананы,
Қуантыңдар күнде кеп.
Тірісінде бағалап,
Етіңдерші бақытты.
Анаға ауыр сөз айтып,
Өткізбей құр уақытты.
Риза болса Аналар,
Боламыз біз бақытты.
О адамдар, адамдар
«Бәріңнің де анаң бар!
Жүзіне мұң түсірмей,
Анаға жақсы қараңдар!»
Анасыз міне отырмын,
Қайрылып қос қанатым.
Әкем де жоқ, анам да,
Бақытым қос жәннатым.
Дертімді айтып іштегі,
Мұңымды қалай жояйын?
Анашым-ау, ардақтым,
Орныңа кімді қояйын?!
Риза болмай кеттің-ау,
Асығып ана өмірге.
Өкпелі жүрек дертімен,
Не қызық көрдің өмірде?!
Ішқұса болып кеттің-ау,
Дақ түсіп ақ көңілге?!
Жалғанда, жалған, жалған-ай,
Анасыз өмір өмір ме?!
Анашым менің асылым,
Тапсырдым сені Тәңірге!
Аманатың да бар еді,
Біздерге айтқан анашым.
Тату болыңдар деп едің,
Ұмытып жан жарасын.
Бауырсыңдар сендер деп,
Табыңдар деп жарасым.
Осы еді-ау арманың,
Жаныңды жеген саласын.
Анашым-ау аяулым,
Ойлайтын әркез баласын.
Амал бар ма, шара жоқ,
Келмеске кеттің Анашым!
Өмірдің заңын орындап,
Алыстап бізден барасың.
Мейірімді жан анам,
Мәңгілік есте боласың.
Сағынышым өзіңсің,
Сағым боп енді барасың.
Келердейсің есіктен,
Күлімдеп көз қарасың.
Түс көргендей боп қалдым,
Сені іздеп жан Анашым!
Жойылып менде бар үміт,
Қайғы мен мұңға салынып.
Жоқтығыңа көне алмай,
Отырмын сені сағынып.
Отқаным-ай балаша,
Жылап-сықтап, зарығып.
Анашымды қайтар деп,
Жаратқанға жалынып.
Сөнгендей болды Күн, Айым,
Түнекке еніп бұл айым.
Өмірден өткен анама,
Алладан иман сұрайын!
Жанын етші Жәннаттан,
Анама дұға қылайын!
Тыныш болсын жаны пәк,
Құран қып күнде тұрайын.
Пейіште болсын Анашым,
Ниет қылып сұрайын!
Анашым алтын, күміс ең,
Асымыз тисін жеп, ішкен.
Айналайын, Анашым,
Орның болсын пейіштен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇