Өлеңдер ✍️

  09.11.2024
  266


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Сынақ ғұмыр

 


Бұл өмір сынақ,
Жан жақтан құрап,
Көрсетпей жұртқа жасымды.
Қолдағы барға,
Адал боп арға,
Көтеріп жүрмін басымды.


Артыма қарап,
Уақыт санап,
Жастықтың демі басылды.
Қызықты өмір,
Күндерді небір,
Арманды іске асырды.


Жанұям бағым,
Жыр болып таңым,
Атты ғой ,алдан арайлап.
Қырандай қалқып,
Қуанып шалқып,
Салғанда көңіл бала ойнақ.


Тырнағын бүгіп,
Өтірік күліп,
Біреулер жүрді маңайлап.
Жастық шақ көктем,
Елес боп өткен,
Артыма жүрмін қарайлап.


Ішімнен тынып,
Қанатым сынып,
Сыртымнан сатты сенгенім.
Салатын тезге,
Қиналған кезде,
Өлең боп, менің тергенім.


Өткенім елес,
Қайтадан келмес,
Аз шығар мүмкін көргенім.
Еліме жақын,
Атандым ақын,
Бұл күні сыйлы төрдемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу