Өлеңдер ✍️

  05.11.2024
  223


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Толды Атамыз ғасырға

 


Ел қорғаған батырларды білмес кім,
Бабалардың рухыменен тілдестім. 
Тарихымда қызыл қанмен жазылған,
Ұмытпайды сол сұрапыл күнді  ешкім.


Соңғы шайқас ақталардай үміті,
Қызыл туда тұрды жеңіс кіліті.
Рейхстактың маңдайына апарып,
Туды тіккен тұңғыш Қазақ жігіті.


Кім болды екен,  жүрек жұтқан  батыл жан,
Мақтанамыз бүкіл Қазақ атынан.
Григорий Булатовпен бірлесе,
Туды тіккен жас лейтенант, Рақымжан! 


Бір кездері жүрдік біздер таңырқап,
Бермегенде  «батыр»  атын жабырқап. 
Сол кездегі Қошқарбаев ерлігін, 
Бұл күндері біле ме екен, жас ұрпақ?! 


Риза болған  қолындағы барына,
Батыр еді  дақ түспеген  арына.
Ғасыр тойын тойлап жатыр бұл күні,
Туған Ер ғой  Қазағымның бағына. 


Бағаланып  зор еңбегі  Атаның,
Кеш болса да берді «Батыр»  атағын! 
Ұлы ерлігін қалың елі еске алып,
Жүз жылдығын тойлап жатыр Отаным! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу