Өлеңдер ✍️
СЫРЛЫ СЕЗІМ
Өзіңізбен тағдырым табысқалы,
Мұңлы әлем ,бір сәтке алыстады.
Көңіліме құйылып сырлы сезім,
Қанат қағып көгімде қалықтады.
Арылалмай жүргенде күйіктерден,
Сіз болдыңыз, сезімге үміт берген,
Жаңа өмірге қайтадан қадам бастым,
Ада болып мазасыз күдіктерден.
Сізді ойласам, батамын тәтті мұңға,
Хабар келсе, балаймын жақсы ырымға.
Өрекпейді жүрегім алып-ұшып,
Алқынамын шыққандай биік шыңға.
Арқа тұтам өзіме жақын тартып,
Өзімсініп тұрамын сенім артып,
Анда-санда дауысын естігенде,
Шабыттанып кетемін,көңіл шалқып.
Сырлы сезім, жүректе діріл қақты,
Сырлы жырлар, көңілден шығып жатты.
Ғашық болған сол жанға алыстағы,
Нәзік үнмен жүрегім, мұңын шақты.
Бүкіл әлем мен үшін гүлденген бе?!
Тағдыр маған осылай сый берген де,
Шабыт болып шарықтап, қайта келіп,
Шуақ болып төгілді жыр кеудемде.
Желбірейді, жүректе отты жалау,
Қиын шығар, бақытсыз сәтті санау.
Сіз жанымда жүрсеңіз мені демеп,
Менен асқан бақытты жоқ шығар -ау!?.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter