Өлеңдер ✍️
Көкөзек
КӨКӨЗЕК
Сыр түйетін тобықтай түйінді ойдан,
Даналыққа келеді күйім қайдан.
Бал жұтқан бағзы заман ертегінің,
Баласы едік ауылдың сиыр жайған.
Үйде отырып алаңсыз шайға қанып,
Шығатынбыз торсықтап айран алып.
Көкөзекке тартушы ек,
алдыға сап,
Бар байлығын ауылдың айдап алып.
Жампоз жусан қылтиып енді ғана,
Құлпыратын кілемдей зерлі дала.
Жануарлар жеткізбей желдейтұғын,
Көк өзегін көксеген зеңгі баба.
Анасындай ертегі сан аңыздың,
Баспанамыз секілді дала біздің.
Шамдандырып кетуші ек жүгірмектер,
Шашып кетіп бес тасын бала қыздың.
Ала сиыр бұл күнде қақпайланды,
Бағатұғын бала да жатқа айналды.
Баратұғын өрісі баяғыда,
Қызыл-жасыл саяжай, баққа айналды.
Өрістетіп қырқаға табындарын,
Дейтін бала жоқ бүгін „малым, жаным„.
Азан-қазан аулада жануар-ай,
Өрісінің сезе ме, тарылғанын?
Ала сиыр көндікпей байлауға да,
Еркіндігі керек қой хайуанға да.
Бетегеден безектеп жүгіретін,
Түсе ме екен есіне қайран бала?!
Бүгіндері сол бала жігіт болған,
Жанарына шүпілдеп үміт толған.
Сиырының тарылған өрісіндей,
Сәби күнгі қиялы құрықталған.
Түсіне еніп «Ер Төстік» ермегі де,
Сиырының жете алмай желгеніне.
«Көк өзекке» жүреді жол таба алмай,
Жалмауыздың шырмалып өрмегіне
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter