24.09.2024
  258


Уәдеге берік жігіт ертегісі

«Егер менің құзіретімде болса, мен былай етер едім» деп қиялдау баршамызға тән әрекет. Ал уақыты келгенде сөзіміз желге ұшып кететін кездер де кездеседі. Мына ертегідегі ағайынды үш жігіттің оқиғасы балаларға ғана емес, ересектерге де ой салады.


Ертеде ағайынды үш жігіт болыпты. Үшеуі де сіңірі шыққан кедей екен. Тапқандары ішіп-жеміне жетпепті. Бір күні шөп шауып қатты қалжыраған ағайындылар көлеңкеде демалып отырса, қастарына бір топ қараторғай қонады. Бірінен бірі озып, жерден жемдерін шоқып жүрген торғайларға қарап үлкені:


– Шіркін, осындай қаптаған малым болса, өмір бойы кісі ренжітпей өтер едім-ау, - дейді қауғада сақалын сипап.


Сонда ортаншысы тұрып:


– Иә, менің де осындай қора-қора қойым жүрсе, өмірімде адам баласынан аянарым болмас еді, - деп армандайды.


Кенже інісі үндемей отырған соң, ағалары «Ал сен қайтер едің?» деп сұрайды.


– Менің осынша көп малым болмай-ақ, тұрмысқа тиек боларлықтай азын-аулақ тұяғым болса да жетеді. Басымда баспанам, қасымда парасатты жарым болса, мен де ешкімді ренжітпей өмір сүрер едім, - деп жауап береді.


Олар осылай қиялдап отырып, қастарына келіп тұрған қарияны байқамай қалады. Сақалы тізесіне түскен ақ бас шалдың қайдан пайда болғанын білмей, үшеуі атып-атып тұрады. Сонда қария тұрып:


– Менің есімі – Уәде. Сендердің әңгімелеріңді бағанадан естіп тұрмын. Берген серттеріңде тұрсаңдар, сендерге сый жасаймын, - дейді.


– Жасаңыз, қария, - деп жамырасады ағайындылар.


– Сен екеуің «мал» дедіңдер ме? Барыңдар, сонау жасыл төбенің астында қора-қора қой жатыр. Бірің қара түстісін, екіншің қ түстісін бөліп алыңдар, - деп күнге шағылысқан таяғын сілтеп қалады.


Екеуі арсалаңдап жүгіріп кетеді. Сонда кішісіне қарап:


– Ал сен ана бір түтін шыққан жерге бар. Үй десең үйді де, жар десең жарды да, азын-аулақ малды да сол жерден табасың, - деп ақсақал көзден ғайып болады.


Осыдан бастап ағайындылардың тұрмысы түзеліп, дәулетті өмір кешіп жатады. Тізіліп күндер, жылыстап жылдар өтеді.


Бір күні Уәде қасына Пейіл мен Бақытты ертіп, сол жігіттерді сынайық деп жолға шығады. Алай-дүлей боранда алдымен ағайындылардың үлкеніне келеді.


– Әй, балам, құдай қонақпыз. Мына боранға ұшып өлгелі тұрмыз. Отыңа аяғымызды жылытып шығайық. Рұқсат ет! – дейді қапиялар дауыстары дірілдеп.


Малына ие бола алмай долданған бай:


– Осындай қым-қуыт қой қырылып жатқанда қонақ емес, құдайым болсаң да... аулақ! – деп ақырады. Сақалдарына мұз қатып, қалтыраған қариялар одан шығып, ортаншысының үйіне келеді. Ол да ашуға басып, қондырмай жібереді.


– Иә, бұлардың сиқын көрдік. Енді не де болса, кішісіінң үйіне барайық, - дейді Уәде.


Шабалана үрген иттің дауысымен атып шыққан үй иесі қонақтарды қолтықтап үйге енгізеді. Асты-үстілеріне түсіп, жақсылап күтеді. Жігіттің жары да дұрыс адам екен. Кәрі кісілердің көңілінен шығып, ас-суын аямай, жағдайларын жасайды.


Ертеңгісін қонақтар жолға жиналады. Сонда Уәде тұрып:


– Балам, сый-құрметіңе қандық. «Өлімнен ұят күшті» дегендей, уәдеңе берік, болаттай жігіт екенсің. Аз дәулетке мас болып, дүниеқоңыз боп кеткен ағаларыңа ұқсамадың. Өркенің өссін.


Шалдың ақ батасын алған кенже ұл мен оның әйелі бұрынғыдан да бақытты өмір кешіпті. Содан бері жақсы адамдардың қасына бақыт та, пейіл де қайта оралып, мәңгіге бірге болған екен деседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу