19.06.2024
  192


Автор: Ғани Бейсен

Түрмеден келген қыз - 12 бөлім

12-ші бөлім.

Анау Лекарь бас сұғып кеткен күннің ертесіне " жігітіммен " тағы да кездестім.
- Кездейсоқ кіргеніне қарағанда ол мұнда тапсырмамен келгені анық, енді біз сақ болу керекпіз жаным , - дейді шашымнан иіскеп тұрып.
Мұндайда қорықпай көріңіз , айналамның бәрі заңды белшесінен басқандарға толып кетсе қайтейін ?
Қылмыс әлемінде бір сөз бар " заң - бұзу үшін жазылған " дейді , яғни заңды бұзғандарды мемлекет жазаласа түрмедегілер төбесіне қояды. Әрине , бәрін бірдей емес , әсіресе қызыл жағалы мен қызқұмар еркектерді өлтіріп барсаң , олар сені төбелеріне қойып әспеттейді.
Бірақ кім болсаң да , түрменің ішкі тәртібіне бағынуға тиіссің. Ол жерде әзірейілдей әкіреңдеген күзетшіңіз бір Құдай болса , төрде отырған " пахан зонаңыз " тағы бір Құдай.
Сонан соң паханның айналасында отырғандар бар , олар да Құдайға қыз берген құдағилар сияқты қоқан - лоқы жасайды.
Бұл енді түрменің ішіндегі жағдай болса сыртындағысы онан да сұмдық.
Өйткені , бостандыққа шығып тапсырманы орындайтындар солар , яғни , мына екеуіне ұқсаған қанішер қылмыскерлер.
Демек , мына " заказчик " кім болса да ақшасы өте көп адам деген сөз. Әйтпесе , түрмеде жатқан аса екі бірдей қауіпті қылмыскерді босаттырып , бірінің соңынан бірін салып қоймас еді , себебі , мұның бәрі қып - қызыл ақша.
Жіктеп айтар болсам , түрменің басшысы мен оның орынбасарлары бар. Онан полиция мен КНБ ңіз тағы бар. Тіпті , жергілікті полиция басшылары мен қосшыларын да құлаққағыс етеді. Олар сонда ғана қылмыскер қайта түрмеге кіргенше , дабыл қағып аласұрып іздеген болады. Әне солардың бәрінің салбыраған қарындары бар , анау - мынау ақшаға тоймайды.
Сонда деймін да , менің әкемді өлтіру үшін мына " жігітім " қанша сұрады екен ол жағы құпия! Ал мұны өлтіріп ізін жасыру үшін анау Лекарь қанша сұрады дейсіз , ол да құпия.
Осыны ойлағанда менің миыма тағы бір сұмдық келіп " жігітімнен " сұрадым.
- Егер сізге , әкем ақша төлесе ше , - дедім еркелеген болып.
- Жаным-ау, төлеймін десе әкеңнің ақшасы жетеді ғой , бірақ төлетпейді , - дейді.
- Ойбай , сонда кім төлетпейді , ақша әкемдікі болса , басқаның шаруасы қанша , - деп шұбырта бердім.
- Сен әлі де ештеңе түсінбеген екенсің ғой , жарайды , қазірше барып шәй қой, кофе дайында. Мен шомылып шығайын , - деген жігітім сонда ваннаға кірді.
Тұрып ас бөлмеме беттедім.
Бірер минутта шәйнегім ызыңдап берді.
Көп өтпей төбесінен су құйған " жігітім " жетті. Сонан соң біраз сұмдықтың бетін ашты.
- Бұл жердегі әңгіме сенің әкеңде емес , керек десең екі кланның креслоға таласуында да емес. Бұл жерде әңгіме , қалтаға кеткен ақшаның есебінде жатыр.
Қысқасы , қайсыбір адам өлуге тиіс , бітті. Өкінішке орай ол сенің әкең болып тұр , әйтпесе сенің әкең кеше ғана бес рет үйіне кіріп шықты , - дейді.
Ее сорлы басыммен басымның ішіндегі миым енді ғана бірдеңені қорыта бастады.
- Сонда анау жоғарыда отырған әкемнің полчан досы , араша түспей ме екен екеуі отыз жылдан бері мықты достар ғой , - деп таң қалдым.
- Айттым ғой саған , ақша жүрген жерде ешқашан дос деген болмайды. Негізі осының бәрі сол адамның жоспары болуы әбден мүмкін. Әрине , ол сенің әкеңе жай ғана досы есебінде көмектескендей көрінеді , крышавать еткендей көрінеді , бірақ онысы сырт көзге ғана. Ал шын мәнінде оған да сенің әкеңді өлтіргені керек. Мұндайды қылмыс әлемінде " физическое устранение " дейді. Сонда ешқандай " бюджеттік дыра " білінбейді , білінсе де жемқор еді " ішті , жеді , өлді " боп кете барады. Бір сөзбен айтқанда барлық былық сенің әкеңнің мойнына қалып " бір жемқор өлді , қылмыскер табылмады " болып іс жабылады , - дейді.
Мұндайдан кейін ойланбай көріңіз?!
Рас-ау , осы күнгі шенеуніктердің жемегені жоқ шеттерінен жемқор екені шындық қой. Солардың біреуі өле қалса қазақ қуанатын дәрежеге жетті , неге ?
Негесі , сол беттері табақтай бәрі жемқор!
Және де билікті бермейтін кәрі құртаңдар.
Сонда маған не қалды әкемді үгіттеп жұмыстан босатқаннан басқа ештеңе қалмады.
Жеген болса жауабын өзі берер , қазірше дін - аман тұрғанда көндіріп көрейін дедім.
- Әуре болма деп айттым емес пе , неге қайталай бересің , - деген жігітім қайта айтқанымда ашу шақырды.
- Маған әкемнің амандығы керек қой сіз соны білесіз ба , - деп айтып салдым.
- Оның бір шешімін қарап көрерміз қазірше мына Лекарьдың ізін бағайық . Алдағы күндері сен екеумізге ең қауіпті адам осы қатын болмақ -, деген
" жігітім " сонда сөзін түйіндеп " бара бер " дегендей есікке қарады.
Міне осыдан кейін , ақша үшін айқасқан екі қыз бен ажалға араша сұраған үшінші қыздың өзара текетіресі басталатыны белгілі болды.
Өз басым іштей міңгірлеп
" мыналардың екеуіне де сенбеймін " деймін. Бұл екеуі ақша көрсе жолдан таятын періштелер ғой .
Әй жоқ , олар қайдағы періштелер , бұлар қанішер қарақшылар дегенім дұрыс болар деп мен сорлы есікке беттедім.
- Қысқасы , ол енді саған жиі - жиі баратын болады шаш қидырады , тырнақ боятады әйтеуір ананы - мынаны сылтауғып барады да тұрады. Сен оның әр келген күнін жеке кіташаға түртіп қой және маған айтып отыр. Бұл сені мен менің өмірімізді сақтайды. Қажет жерде әкеңнің де өмірін сақтауы мүмкін , түсіндің ба мені , - деп соңымнан ерді.
Бұл ашу шақырса бұйымтайым бір уыс бола қалады қайтейін , қорыққанымнан :
- Түсіндім жаным , мен сізді түсіндім , - деп тұтқаға жармастым.
- Ал енді түсінген болсаң ешкімге тіс жарма , онымен ашылып сөйлесуші болма сонан соң сыр беріп сырыңды алдырып қойма , - деп шегелеп тапсырған жігітім есіктен шығарып салды.
Мен сонда құтылғаныма қуанып туфлиімді тықылдатып баспалдақтан төмен қарай құлдилай бердім. Содан артыма қарамай желіп келемін , алдымды дәу қара мысық кескестеп өте берді.
Мұндайда сонау бала күнімнен білетін , кері қарай он қадам басатын ырымымыз бар еді , сол есіме түскенде қақшиып қаттым да қалдым. Сонан төменгі баспалдақтан басымды қылтитып жоғары қарасам ешкімнің қарасы көрінбеді.
Аяғымның ұшымен ұрлана басып жоғары қарай көтеріліп келемін. Ішімнен он қадамды санағаным бар жеті , сегіз , тоғыз деп келіп жігітімнің есігінің тұсынан өте бергенімде, өзінен өзі ашылып әлдебіреу бұрымымнан тартып ұрды. Шалқалап барып алдына құладым. Әбүйір болғанда жалаңаш еденге жықпай тізесін төседі.
Сонда ғана мен бейбақ кеңірдегіме әлдененің тиіп тұрғанын сездім. Оның соңынан іле шала :
- Басыңды қара қойдың басындай ғып қағып алмасын десең , менімен аңдысқаныңды қой , мына бүгінгің соңғы рет болсын , түсіндің ба мені , - деп көк желкемнен итеріп тастап тұрып кетті.
Сонда ғана менің тілім:
- Анау ... қара мысық ... ырым , - деуге шамам келді. Мұндай сөзге түсінбеген жігітім сонда :
- Не дейсің ей , - деп қарсы алдыма талтайып тұра қалды.
Мән жайдың бәрін айттым , қара мысық өткенін оған біздің аймақта ырым бар екенін сол үшін он қадам кері қайтқанымды айттым.
Білмеймін , ол менің сөзіме сенді ма жоқ па кішкентай ғана үшкір пышағын сарт жауып емшекқабының ортасына сүңгіте салды. Сонан соң қолымнан тартып тұрғызып бір жұтым су әкеп берді.
Мен сорлы қорыққанымнан қылқылдатып әрең жұттым. Сонан соң төмен қарап тұрып:
- Рақмет жаным , рақмет сізге. Мұндай қателік екінші рет қайталанбайды , кешірші , - деп есікке беттей бердім.
Соңымнан басын қылтитып жан жағына қараған жігітім есігін тарс жапты.
Шыныменде , түрмеде болса мынау дегенің үлкен косяк. Паханның есігінің сыртынан құлақ түріп тың тыңдағаныңды көрсе , сол құлағыңды кесіп қолыңа береді. Құрсын бір басқа бір құлақ жетер дейсің ғой, ал енді ұрлана қарап сығалағаныңды көрсе ше ?
Ондайда " көзімді ойып итке лақтырды " дей беріңіз.
Түрмеде мұндайларды " пасық , тіміскі іс " деп есептейді және де қатаң жазалайды.
Өйткені , ондай қылықтың бәрі
" крыса " деген ішкі заңға қайшы келеді.
Жоғарыда " түрменің ішкі заңы бөлек сыртқы заң бөлек " дегенім осы еді.
Ал енді мұның бір өкінішті тұсы , тап осы қылығымнан кейін мен бейбаққа " жігітім " де күдікпен қарайтын болды.
Өткендегім анау , жасырын пышақ апарып бір ұсталдым. Онан кейін екінші попытка " қатты мас қып " балконнан итермекші болдым. Оны ғой көзімен көрмесе де , менің көзімнен оқып - біліп қойды. Мынауыңыз сонда үшінші рет қой , күдіктенбей қайтсін ?
Сол түні мен сорлы әрең дегенде үйге жетіп сұлық түстім. Түні бойы дөңбекшіп жатып ананы мынаны ойлап басым қатты.
" Қайткен жағдайда әкемді аман алып қаламын " деген сұрақ миымнан кетпей қойды. Көріп , біліп отырып қай бала әкесін өлтіргенін қалайды дейсің ?
Қорықпай көріңіз!
Себебі , мына мені шырмап бастаған шырмауық бәрінен бөлек , бұл қазірше екі басты айдаһарға ұқсайды. Анау келіп айналсоқтап жүрген екі қатынды айтамын. Оларға құзырлы орган басшылары мен арнайы қызметті үш әріпті қосыңыз , қанша болды ? Ол аз десеңіз әкемнің жоғарыдағы дос сымағын қоссаңыз , жеті басты аждаһаға айналуы бек мүмкін ғой.
Демек мына " жігітімнің " айтқанын қалайда әкеме жеткізуге тиіспін. Әрине , ол үшін алдымен әкемнің уәдесін алуым керек. Әйтпесе әкемнің де ашуы жаман жан - жақты таныстары бар кланның белді мүшесі. Соларға айтып
" мына екеуінің көзін " құртса іс насырға шапты дей беріңіз. Өйткені , олардың авторитет құйыршықтары менің сатқанымды біліп қояды , түбі аман қалдырмайды.
Мұндайды, түрме көрмеген әкем қайдан білсін ?
Тағы да айтамын , түрмеден үкімің шықса қанша күзетшің болса да аман қалуың мүмкін емес.
Осы күні не көп , түрмеден келген жұмыссыз нанын таппай жүргендер көп.
Олар сені не үшін өлтіруге құмартып тұрады жоғарыда айттым ғой. Мейлі тағы бір рет айтайын.
Түрменің үкімін орындаған кез - келген қылмыскердің кариерасында екі түрлі мүмкіндік болады.
Біріншісі , егер сені өлтіріп қолға түспей кетсе яғни сотталмаса , онда ол жергілікті авторитет болып тағайындалады. Мысалға бір ауданды немесе қаланы қолына алады және де оның
" ақ дегені алғыс , қара дегені қарғыс " болады. Сонан соң өзі тағайындалған аймақтағы бүткіл гребтің ақшасы сонікі болады , сол жинап үлестіріп отырады. Бұл дегенің таза
" майшелпекке батасың " деген сөз.
Ал егер қолға түссе ше ?
Ол кезде де оған түк болмайды , кез келген түрмеге барып , пахан зонаның оң жағынан орын алады. Бұл енді тіпті де авторитет дегені бір сөзбен айтқанда , қылмыс әлеміндегі жоғары лауазымға ие болады.
Құрсын ежіктеп айтып қайтейін , былтыр жазған
" Сұқ саусақтылармен сұхбат " атты хикаямды оқысаңыздар бәрін түсінесіздер.
Ал енді мына екі қызды " Қос құрбы " атты хикаямда жазылған екі қызбен салыстыруға болмайды.
Сонымен арадан үш күн өткенде әлгі Лекарь тағы келді. Кофесін құйып ішкізіп, қасын теріп беріп, шығарып салдым.
Бұл менің әкеме барып " үй жаққа келіңіз сөйлесу керекпіз " деп айтып кеткен кезім еді. Алайда , әлдекімге арқа сүйеген әкем келе қоймады " әне барам , міне барам " деп жүріп алды.
Онан кейін де " пап , ет асып қояйын келесіз бе " деп екі рет жаздым " тығыз шаруам бар қызым , бізге комиссия келе жатыр " деген әкем бәрібір келмеді .
Ал вацап желісінде ашықтан ашық ештеңе жазуға болмайтынын " жігітім " ескерткен болатын.
Әрине , салоныма Лекарьдың келген уақыты мен кеткен уақыты қолтық кітапшама жазылып бастады. Оны құшақтап жүріп " жігітіме " апарып көрсетемін. Ол не істейді десеңіз , пәтеріндегі шкафтың есігінің ішіне қаламмен көшіріп жазып қалады.
Осылайша арадан тағы да он күн өте шықты , осы он күнде Лекарыңыз екі рет келді. Соңғысында ананы - мынаны айтып мені әңгімеге тарта бастады. Сонда да сыр бермеуге тырысып бақтым. Сөйтіп жүргенде күн қатты суытып аяз соқты. Себебі , қарашаның аяғы жетіп, желтоқсан сығалады.
Содан бір күні ойда жоқта " тез жет " деген " жігітімнен " хабар келді.
Айта кетейін " тез жет " деп ашық жазбайды , орнына " ыстығым түспей жатыр , дәріханадан парацетамол әкеп берші " деп жазады. Бұл біз екеуміздің арамыздағы " пароль " сөзіміз еді. Сонда бар ғой оның қырағылығы соншама дәрі апармасам " бар әкел бар " деп қайтарып жіберетін.
- Ешқандай жерің ауырып жатқан жоқ қой , дәріні не қыласың қызуың болмаса, - десем ;
- Әкел деген соң әкелсей , сен қыз осы сөзді көбейтіп қайтесің дейтін , бітті , жүгіріп барып дәрісін әкеп беретінмін.
Мұның сырын соңынан түсіндім
" неге дәрі апарасың " деп сұрасаңыздар кейін айта жатармын.
Сонымен шақырту алса " жазған құлда шара барма " дегендей , сол күні түнде асынып тасынып " жігітіме " бардым.
Әрине , әуелі көп қабатты үй астындағы Дәріханадан айтқанын алдым. Онан ұсақ түйек пен төрт боржоми көтеріп үйіне кірдім.
Есікті ашқаны болмаса , төргі бөлмедегі төсекке барып қайта жатқан жігітім ;
- Бүгін қарашаның соңғы күні екенін білесің ба жаным , - деп сұрады.
- Иә , ертең бірінші желтоқсан , - деп қоштай жөнелдім.
- Әне міне дегенше жаңа жыл да кіреді , - деп бір жұтым су ішті.
Сонан соң ауыр күрсініп әлдебір сұмдықтың ұшын шығарды.
- Чо то біздің ісіміз мен ойлағанымдай болмайын деп тұр , өйткені, жылдың соңы деп жоғарыдағы " құлдар " шулап жатыр. Егер солай бола берсе біздің жоспарымыздың күл талқаны шығуы мүмкін , - дейді.
Құдай ау мынау мені көрсе " тездетіп душқа кіріп келші , қатты сағындым жаным " деп еміреніп бастайтын , бүгін " чо то - сы не то " боп тұр ғой " жоғарыдағы 500 құл шулап жатыр дей ме , 500 құл дегендер кімдер , жалпы менің " жігітім " не деп сандырақтап отыр деп таң қалдым.
Сөйтсем , мұның " құлдар " деп отырғаны халық қалаулылары депутатсымақтар екен ғой.
Мұнысы " қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің " дегендей ме әлде " боранды күні боқ қысты " дегендей ме , сондай бірдеңе болды.
Құрсын сол депутаттар " жылдың есебін " сұрап дабыл қағып бастапты. Тіпті қаржы қадағалайтын " есеп палатасын " осында жібермекші екен. Бұл деген сөз қаржы жөнінде үлкен комиссия келеді деген сөз.
Әнеукүні әкем де осыны айтып еді , есімде.
Ал енді комиссия келсе не болады десеңіздер айтайын әлгі " финансовая дыра " ашылады. Сол үшін арттары ашылмай тұрып , бүгін, ертең менің әкемнің көзін құртулары мүмкін екен!
Тұла бойым тұншығып қалтырап бердім.
- Жооқ , әкемді мен ешкімге өлтіртпеймін . Ешкімге дедім ғой ешкімге! Мына саған да жол бермеймін , - деп кеудесін сабалап бақырып бердім.
- Есіңді жи ақымақ , айқайлама. Көршілер естіп полиция шақырса екеуміз де құримыз , - деп ол мені жұлқып жатты.
Алайда мен оны тыңдамадым , атып тұрып жігітімді тепкілеп бастадым.
Шойын шапалақ сол жағымнан шарт етті.
Онан әрісі есімде жоқ , көзімді ашсам тастай қараңғы суық бөлмеде жалаңаш жатырмын ...
( он екінші бөлімнің соңы , жалғасы бар )




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу