Өлеңдер ✍️

  17.06.2024
  108


Автор: Мұхарбек Жәкейұлы

Қос кемпір

Бүгінгінің бұлданбасын келіншегі,


Сыйластықтың жоқ-ау мұндай өлшемі?!


Тату-тәтті ғұмыр кешкен «шәй» деспей,


Қос кемпірдің үйі бізге көрші еді.


 


Төсегінде дөңбекшіген жиі аунап,


Қазіргі еркек қолы жетпес қиялдап.


Елден ерек екі әйелді құшса да,


Хасен әкей кетіпті ерте түйе айдап.


 


Көңіл шіркін тұра ма ылғи күйі кеп,


Бірақ осы бір-біріне сыйы көп.


Екі әжеміз отын жаққан ошақты,


Атап кеткен «Қос кемпірдің үйі» деп.


 


Қос кемпірі күндестікті білместен,


Өле-өлгенше бір-біріне сіз дескен.


Аруақ қонған сынықшы әкем Айдархан,


Екі әжеммен ертегідей күн кешкен.


 


Әйел көнбіс тағдыр басқа салғанға,


Қос кемпірлер көп еді онда, таңданба.


Қайран Күлшім, Күлдірайхан әжелер,


Құшақ жая қарсы алатын барғанда.


 


Бүгінгінің баласына ертегі,


Кешегінің бөлек еді еркегі.


Қос кемпірдің бабын тапқан ың-шыңсыз,


Ағзамиден – діні берік кәлпе еді.


 


Екі әйелдің білдірмейтін артығын,


Еркіндігі біздің дала салтының.


Менің Архат інімнің де есімде,


Елге сыйлы екі әжесі бар-тұғын.


 


Тірлігінде өткізбеген бекер күн,


Біздің шалдар елшісіндей екі елдің.


Дұғасына қосушы еді үйде әжем,


Бұрын қайтқан бәйбішесін әкемнің.


 


Осы хәлді біз қайтер ек... білмедім,


Біреуінен табамыз-ау кейде мін.


Қой әзірге бұл тақырып көп нүкте,


Бестің шайын бермей қояр үйдегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу