Өлеңдер ✍️

  17.06.2024
  92


Автор: Мұхарбек Жәкейұлы

Комсомолдар моласы

Қабағындай солыңқы жадау күздің,


Талай сыры жасырған бар-ау түздің.


Құпиясын құм шайған көне қорым,


Көкалатта көп еді сонау біздің.


 


Ескі бейіт кімге осы тиесілі,


Әулие ме, жұртына кие есімі?


Батыр ма әлде, ел қорғап шейіт болған,


Ойнап жүріп ойлаймыз жиі осыны.


 


Бір сыр барын түбінде сезгеніңмен,


Қараусыз қап, ұмытқан ел де мүлдем.


Бес жұлдызды белгісі бізге жұмбақ,


Шарбақ тамдар мүлгиді жел кемірген.


 


Бұзып-жарып кететін шеңберді ана,


Бір мүшелге баламыз келген жаңа.


Үрке қарап үлкендер құтылатын,


«Комсомолдар моласы» деумен ғана.


 


«Қулар-ай, – деп керегі сендерге ермек»,


Байжан жоба тәсілін меңгерген көп.


Мәлік көкем бәс тігіп отыратын:


«Ана жылы сүзектен өлгендер» деп.


 


«Келе қоймас басқаның болжамы дөп,


Жолаушы ғой жан берген жолда жүдеп...».


Парторгы совхоздың күмілжиді:


«Бәлкім, қызыл сұңқарлар – арманы көп».


 


Дейтін тағы: «Әзірге өрең қысқа,


Қаламыңды ап, қағаз жаз, өлең қысса!».


Ұнаушы еді әйтеуір, сол кісіге,


«Комсомолдар моласы» деген нұсқа.


 


Тұрлауы жоқ осы ма бес күн жарық,


Парторгың жүрген жоқ еш қиналып.


Ескермейді есіне ап мейрамдарда,


Гүл шоқтарын қоймайды ешкім барып.


 


Өзі соған сенеді-ау дардай әкім,


Мен де сұрай беремін бардай ақым.


Мұсылманның баласы-ау кім де болса,


Әжем іштей күбірлеп, қол жаятын.


 


«Сөнбес нұрлы» күлімдеп кеудемнен «күн»,


«Комсомолға» бірі едім сенгендердің,


Кейін білдім, жұлдызды ескі зират,


Қабірі екен аштықта өлгендердің.


 


Жылдар өтті қаншама содан бері,


Төрт мүшелім толыпты маған кемі.


Жымысқы ізін жасырған жұлдызымен,


Кетіп тынды кеңестік қоғам кері.


 


Сына қоймас құдайсыз, сірә қурай,


Әжем кетті қыр жаққа уайымдай.


«Комсомолдар моласын» кезіктірсең,


Өтпегейсің сен-дағы дұға қылмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу