24.07.2023
  1021


Автор: Зейнел-Ғаби Иманбаев

ЖАЗҒЫТҰРЫ ЖАЙЫЛЫМДА

 


 


Шәріп ағай ат үстінде тұр. Ұйықтамағаннан ба, беті ісіңкі. Ширатылып тұрған жіңішке мұртының ұшы салбырап кетіпті. Түнде мал жусағанда аз ғана көз ілдірген еді. Таң біліне қайта атқа қонған, содан түскен жоқ.


Күн көзі биіктеген сайын  көбік бұлттар жылжып, кең аспанға сіңіп, жоғалып жатыр. Үрлесін жел бар. Күн ысып барады. Жер көктеп қалған. Алыстағы биік қызыл жарлар сағыммен бұлдырап көрінеді. Сай-саланы қуалай өскен тал-теректер бүршік жара бастапты. Қыстан арықтап шыққан саяқ тайыншалардың көкке аузы тигелі көп болмаса да пысып, тойынып қалыпты. Жатаған көкшені тілімен сипалап, алқаға бытырай жайылып жүр. Сайында әлі де қардың қалдықтары жатқан қара суға қарай беттегендері бар.


Шәріп ағай жалбыр жал торы атты тебіне түсіп келеді. Малдың алды жардан төмендей беріп қарға батып қалды да, кейінгілері иіріліп тұрды. Қызыл тайыншаның көксоқта қарлы судан арқасы мен тұмсығы ғана көрінеді. Жануар қанша арпалысса  да өзін-өзі құтқарарлық дәрмені жоқ. Сылбыр қимылдап, әлсірей берді. Қыстан арықтап шыққандардың бірі болатын. Қарлы суда көп жатса, өліп қалатын түрі бар.


Шәріп сасқалақтады. Ұзын шылбырды тұзақшалап жіберіп, тайыншаның мүйізіне лақтырып еді, іліктіре алмады. Екінші рет жақындаңқырап сермегенде, тайғанақ кемерден өзі де сырғанап түсті. Қапылыста түсті. Белуардан келген қарлы су­дан түршігіп, қайтадан атқып шықты. Мүйізінен жіп ілеккен тайынша ілгері баспады, тартынып тұр.


Торы ат жағадан алыстаңқырап кетіпті. Бетегені іскектеп жайылып барады. Шәріп ағайдың қолы жетер емес. Онсыз тайыншаны сүйреп шығу қайда, қысылды. Сүйегін қапқан ызғарды сезінуден қалды. Қайта денесі дуылдап қызып, күйдіре түскендей. Тайынша көзі аларып, шегіншектей берді. Жіпті босатса, тереңге қарай сырғанап кетер жайы бар. Қол созым жерде киімі мен аттың жем дорбасы жатыр. Түскі дамылдауда атқа бермек жемі еді, созылып барып, жем дорбаға қолы зорға жетті. Сұлымен торыны шақырып тұр. Торы ат адырайып бір қарады да қайтадан жерге бас қойды. Теріс қарап, айнала жайылды. Мал көрінбейді, қайсы қайда кетіп жатқаны да белгісіз. Шәкең де, тайынша да қалтырайды. Ат жемге оралар деген үміт үзілді. Жүре оттап ұзай берді. Осы кезде біреу дөң үстіне жүгіріп шықты. Бұл Шәріп ағайдың үшінші сыныпта оқитын ұлы Қошқар еді.


– Ана торыны жеткіз бері, тез жеткіз! – деп айғайлады әке.


Тайыншаны аттың құйрығына байлап, судан жұлып алды. Суық өткен, әлсіреген жануар аз жатты да, тәлтіректей басып орнынан тұрды.


Шәкең кішкентай Қошқардың маңдайынан иіскеді.


– Апам азық апар деген соң жүгіре жөнелдім. Мұнда келсем, суға түсіп кетіпсің. Қатты қорықтым. Әке, өзің тоңып тұрсын, мен келмесем жаман болар ма еді?


– Солай, балапаным, жігіттік істедің. Сен келмегенде мына тайынша өліп кететін еді.


– Әке, үйге барып демал. Малда мен қалайын. Мен жігітпін ғой. Өскен соң атам сияқты үлкен малшы болам, солай ма, әке!


– Солай, қозым, сен жақсы малшы боласың әлі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу