Өлеңдер ✍️

  12.03.2021
  357


Туған күні күзде еді анамның

Оңала ма, тонала ма кім білген.
Қоңыр күзім сезім сырын білдірген.
Күзде соққан сырлы әуеннен оянам,
Домбыраның әуеніндей күмбірден.
Сыбызғы жел сырлы сазын шертеді.
Күз керемет,
Күз ғажайып ертегі.
Сезімімен жан дүниемді баурап ап,
Күзде мені бір тылсым күш ертеді.
Сары күрең түрге еніп бақтары,
Құм сағаттай жылжып уақыт шақтары.
Алдамшы өмір бейнесіне ұқсаттым,
Сусып түскен жапырақты бақтағы.
Қуаныш пен қатар жүрер ерде мұң.
Алтын күзден көп жақсылық көргемін.
Күзбен бірге келген едім өмірге,
Күз желімен кепкен еді жөргегім.
Түйсігімде бір ой маздап санамның,
Сыйласа да қоңыр күзім маған мұң.
Күзді сүйем,
Күз ұнайды өйткені,
Туған күні күзде еді анамның.

Абдулмахмуд Пошатаев



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу