Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  150


Автор: Серікбай Оспанов

Мөлдір...

Мөлдір,


Тұнық таңғы көк,


Ауа жұттым төс кере.


Мұнартады арғы бет,


Көрінбейді ештеңе.


 


Баламыз ғой қаршадай.


Арман еді талайға –


Жүзіп шығу шаршамай


Арғы бетке қалай да.


 


Алыс арғы жағаны


Жүздім бір күн бетке алып.


Тентек толқын сабады,


Ағыс іліп кетті алып.


 


Бала демей өрімдей,


Иірімдері үйірді.


Алға ұмтылсам жеңілмей,


Жағада жұрт сүйінді.


 


Тулап аққан ағыста-


Алыс-жұлыс жан-жағым.


Шыққан жағам алыста,


Жақындады алдағым...


 


Біреу оны дер бағым,


Біреу толы нұр дейді.


Арғы бетте не барын


Ешкім әлі білмейді.


                             


Тағы да ала жөнелді


Ағыс,


Үміт жығылып.


Бағытымнан мен енді


Кетем қалай бұрылып?!


 


Батар күнмен қанды көк,


Қанды бұлттар ұшады.


Суық, сұсты арғы бет-


Мылқау әлем құшағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу