Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  104


Автор: Серікбай Оспанов

Тамшы

Бәрі-бәрі тамшылардан құралған,


Бір тамшы су – түсінгенге бұл арман.


Тамшы судың кереметін,


Бүлігін


Бастан кешкен жандар ғана ұға алған.


 


Тас төбеңнен тұрса егер су тамшылап,


Тірі қалу қиын екен жан шыдап.


Бір тамшы су тамызбай ма аузыңа


Күш болсын деп қалған кезде қансырап.


 


Көбіне-көп елемейді ел мұны,


Байқалмайды оның кейде кемдігі.


Бір тамшы су – қарлығаштың көңілі –


Бір тамшы су сөндірмейді өрт, белгілі!


 


Бір тамшы су шөлдегенде қуатың,


Бір тамшы у – ажал алып туатын.


Бір тамшы бал – үйіреді тіліңді,


Бір тамшы жас – жанарыңды жуатын.


 


Қанның әрбір тамшысында қайрат бар,


Тамшы қонса маржан болар жайнап тал.


Жанда балқып,


Жанарыңнан шығатын


Бір тамшы жас адалдығыңды айғақтар.


 


Тамшыдан ғой теңіз толса, ел өссе,


Егін шықса жайқалып көк белесте.


Маңдайдағы қос шұқырға құйылған


Екі көз де бір-бір тамшы емес пе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу