Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  78


Автор: Серікбай Оспанов

Жалғыз жиде

Әр алуан салдың күйге,


Өзіңнен сыр күттім талай.


Жапандағы жалғыз жиде,


Құмға жалқы шықтың қалай?


 


Халін көріп,


Аяғасын,


Маңайыңнан ел өткенде,


Дедің бе жұрт саяласын,


Демін алып көлеңкемде?


 


Мекен етіп қу даланы,


Медет болдың көңілдерге.


Жолаушылар қуанады


Сен қарайып көрінгенде.


 


Қандай жақсы сенің барың,


Сырласайық, аш жаныңды.


Әлде ойлап елдің қамын,


Еске алмадың бас қамыңды?


 


Шағылысып күн көзіне,


Жапырағың тұрар күліп.


Қалай біткен бір өзіңе


Осыншама шыдамдылық?!


 


Таныс сырлы күйің жұртқа,


Өзіңнен кіл құрмет табам.


Жалғыз жиде,


Қиындыққа


Төзуді сен үйрет маған!


 


Сені көрген жан мақтаған,


Әкең, Анаң – дала сенің.


Ата-анамның ардақтаған


Мен де жалғыз баласы едім.


 


Өзімді өртеп өз лебім,


Налимын да, нанасың ба,


Кейде жалғыз сезінемін


Өзімді елдің арасында.


 


Көргенім жоқ аяғанын,


Менен бәрін аямайды,


Мен елімді саяладым,


Мені қашан саялайды?


 


Түрлендіріп ту даланы,


Сүйрер шағым өмірді өрге.


Қашан елім қуанады


Мен қарайып көрінгенде?!


 


Табиғатым туған әсем


Әлде өзіңдей сирек пе адам?


Мейіріміңді сыйла да сен,


Өрлігіңді үйрет маған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу