Өлеңдер ✍️

  28.05.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Көз қадаған қарамай ерке Күнге...

Көз қадаған қарамай ерке Күнге,


Мазалаған ойлардың жетегінде


Бойлай алмай өспеген көлеңкеге,


Тұрмын, міне, Балдай тау етегінде.


 


Ауылыңда ойлайсың қайдағыны –


Балдай таудың құлайтын сайға гүлі


Көсе кісі сақалы секілденіп


Қырда бірі, қылтияды ойда бірі.


 


Көрейін деп келіп ем төрін мына,


Бола алмай тұр ауылда көңіл бұла.


Балдай таудың үріккендей етегінен,


Сайға қарай қашыпты тобылғы да.


 


Алматыда боп жүрген арман маған


Ауылда сөз білетін шал қалмаған.


Сайдың бойы үн-түнсіз жылап жатыр,


Жердің бетін қай сайтан шабдарлаған?!


 


Азан-қазан азайған, баяғы ауыл,


Қайда жүрек, қайда көз, қайда бауыр?!


Буаз бие, буаз қыр, буаз жастық,


Бір келіншек көрмедім аяғы ауыр!


 


Қайда құрақ, қайда көл, қайда арманым,


Сарқылған ба шынымен қайнарларым?!


Балдай тауым, айналаң әжім-әжім,


Қырлар жатыр жалаңаш тойған қарын!


 


Ән салатын қурай, ши оталғандай,


Көлдің суын біреу кеп қотарғандай.


Өзгермеген тек жалғыз атың ғана,


Не боп бара жатырсың, ботам, Балдай?!


 


Боз інгендей жүнделген боз далам-ай,


Өтпеуші еді ел өзіңе көз қадамай.


Қиялымды көкке алып ұшушы едің,


Бүгін мүлде қойдың-ау қозғай алмай!


 


Қараушы едік тамсанып, таңдай қаға,


Жегі бір құрт жетіпті-ау шалғайға да...


Мөлдір көлсіз, бұлақсыз, гүлсіз, үнсіз


Енді сенде туады қандай бала?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу