Өлеңдер ✍️

  28.05.2023
  239


Автор: Серікбай Оспанов

Балдай шетте...

Балдай шетте,


Кішкене ауыл


Өзен, көлді, жылғалы.


Салмақ біраз түскен ауыр


Сонау соғыс жылдары.


 


Бірақ елден аулақ қалып,


Шеттемей,


Ер бола алған.


Отыз адам жауға аттанып,


Үш-ақ адам оралған.


 


Әкем еді бірі менің


Сол қолынан жаралы.


Бір қолы боп жүріп едім,


Ол да арман боп барады.


 


Қойшығара – енді бірі,


Жоқ бір көзі, бір қолы.


Азаматы елдің ірі,


Ардақтады жұрт оны.


 


Бірі – Қапар.


Оң аяғын


Беріп қайтқан кісі еді.


Басқан сайын ол аяғын


Сықыр ете түседі.


 


Ұнатпас жұрт қараса аяп,


Біледі елден қалмасын!


Салып өтті ағаш аяқ


Жерге соғыс таңбасын!


 


Үш мүгедек оралғаны


Отыз адам ішінен.


Балдай біздің жоғалмады


Сол үшеудің күшімен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу