Өлеңдер ✍️

  28.05.2023
  137


Автор: Бақберген Рахым

Кім бағалар басындағы бақ-құтты

Кім бағалар басындағы бақ-құтты,
Кім бағалар қолда барда жақұтты.
Қалқажан-ау, ғұмыр кешкен сенімен
Астананың халқы қандай бақытты?!

Түнереді Алатаудың аспаны,
Көңілсіз бұлт ақ жауынын бастады.
Мына көзім соқыр шығар, шынымен,
Бір өзіңнен көрмейтіндей басқаны.

Көңіл шіркін бұйым емес қолдағы,
Теңін тапса, қос ғашықтың сол – бағы.
Неге осы мен, ғашық болам ылғи да
Бөлек жанға тағдыры, өмір жолдары.

Белгісіздеу жүріп жатқан бағытым,
Түзу жолға салар екен тағы кім?
Күндігіне миллион рет өзіңді
Еске алмасам өтпейтіндей уақытым.

Түсінбеймін, ақыл-ойым кем бе еді?
Сендік көңіл жан-дертімді емдеді.
Сөйлескелі, ардақтым-ау, өзіңмен
Бір рет болсын ойладың ба сен мені?!

Ойламайсың,
Күлерсің, енді білем.
Дертімнен зорға-зорға емделіп ем.
Ен Алматы жат болып, Алатаудың
шыңдарынан сені іздеп сенделіп ем.

Жас жүрегім күйінеді, тоңып тым,
Сезімімнің мен жемтігі болыппын.
Осы өлеңмен болды, бәрін доғарам!
Өлең жазу менікі емес, соны ұқтым.

Біреу менің, байқар мұңды көзімнен,
Мауқым басам көңілімнің күзімен.
Жанарыңнан сырғанаса кермек жас,
Сол – мен, жаным, шыдай алмай үзілген.

Жазбай маған жүре бергін, күнде сен,
Жазбай-ақ қой, мейлің күндіз, түнде сен.
Бойыңда ыстық жаның барда, мен сенің
Қаның болып, тамырыңда күн кешем.

Жұбат мені!
Алатауым, ардақтым!
Оқымақшы өлеңімді таңдап кім?(
Ғашығым-ау, болмысыңды суреттеп,
Өлмейтіндей жыр жазам деп шаршаппын.
О, Музам!
"Шала-ақынды" шаршаттың-ау, шаршаттың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу